Алматылықтарға Аяз атаны үйге шақыруға рұқсат берілді
Алматының бас санитария дәрігерінің орынбасары Сәдуақас Байғабылов биыл балаларға үй жағдайында мерекелік шара ұйымдастыруға тыйым салынбайтынын айтты, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
«Алматылықтар жаңа жыл қарсаңында Аязата мен Ақшақарды балаларын құттықтауға, мереке өткізуге шақырады. Биыл тыйым салынбайды, бірақ өзіңізді, туыстарыңызды және жақындарыңызды қорғау үшін бірнеше ұсыныс айтамыз. Себебі алматылықтар арасында COVID-19 жұқтыру дерегі жалғасып жатыр.
Аязата мен Ақшақарды шақырмас бұрын, ертегі кейіпкерлерінде вакцина паспортының немесе теріс ПТР тестінің (72 сағаттан аспайтын) болуын алдын-ала нақтылау қажет. Сондай-ақ, әлеуметтік қашықтық, бетперде тағу және қол гигиенасы туралы ұмытпаңыз. Тек осы жағдайда ғана ата-аналардың көңілі тыныш болуы мүмкін», – деді Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов.
Сондай-ақ, ол биыл жаңажылдық корпоративтер алматылықтар арасында пандемия басталған кезге дейінгідей аса танымал емес екенін айтты.
«Негізгі дәлел – қала тұрғындарының алаңдаушылығы және халық көп жиналатын жерлерде коронавирус инфекциясын жұқтырудан қорқуы. Халық мерекелік кештен кейін COVID-19-бен ауырып, аурухана төсегінде жатқысы келмейді, керісінше отбасымен жаңа жылды қарсы алғысы келеді», – деп толықтырды Байғабылов.



