Науқас баланы сүлгімен соққан тәрбиеші жұмыстан қуылады

Полиция департаменті Ақтөбеде «Чайка» сүйек-туберкулезi балалар шипажайында болған оқиғаға қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Basnews.kz ақпарат порталы.
Осыған дейін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тәрбиешінің баланы сүлгімен ұрып жатқаны түсірілген видео тараған еді.
Полиция департаментінің мәліметінше, осы дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2-бөлігі бойынша («Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау») сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды.
Облыс әкімдігі баспасөз қызыметінің хабарлауынша, оқиға 1-наурыз күні болған. Қазір арнайы комиссия құрылып, мән-жайды анықтауда. Ал, науқас баланы ұрып-соққан тәрбиеші мен оның әрекетіне бей-жай қараған оның әріптесі жұмыстан қуылмақ.



