Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры Шухрат Данбай ұсталды
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бұрынғы директоры Шухрат Данбай ұсталды. Ол қаржы жымқырды деген күдікке ілінді, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау мұнай өңдеу зауытының қыруар қаржыға жаңғырту жұмыстарынан өтсе де, сұйытылған газ өндіруде жиі қиыншылықтарға тап болатындығын айтып, сынаған болатын. Осыдан кейін бірден бірнеше құқық қорғау органдары зауытта тексеру бастаған.
Тексеру барысында зауыттың кредиторларға 600 млрд теңге берешек екені, ал жылдық табысы — бұл қарыздың бір бөлігін жабуға да жетпейтіні анықталды. Қазір тағы бірнеше күмәнді іс-әрекеттер құқық қорғау органдары тарапынан тексеріліп жатыр.
Инсайдерлік ақпаратқа сүйенсек, Атырау мұнай өңдеу зауытының бірнеше қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, зауыттың бұрынғы директоры Шухрат Данбай ұсталды. Оған ҚК 189 бабының 4-бөлімі 2-бөлігімен (Аса iрi мөлшерде сеніп тапсырылған жеке мүлікті иелену немесе талан-таражға салу) айып тағылған.



