Бұқар Жырау ауданында жаңа мектеп пен жұмыс істеп тұрған оқу орындарына жапсарлас ғимарат салу жоспарлануда

Бұқар Жырау ауданында апатты мектептің орнына 150 оқушыға арналған жаңа мектеп салу жоспарлануда. Ал жұмыс істеп тұрған оқу орындарында орын жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін оларға қосымша ғимарат салынатын болады, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Бұқар Жырау ауданының әкімі Сержан Аймақов мәлім етті.

– Гагарин ауылында бейімделген екі қабатты үй-жайда орналасқан Талғат Бигелдинов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп жұмыс істейді. Бұл 120 орынға арналған бұрынғы балабақшаның типтік ғимараты. Оған Садовый ауылынан оқушылар жеткізіледі. Өткен жылы мектеп ғимаратына екі қабатты жапсарлас құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді, – деді Сержан Аймақов. – Қазіргі уақытта оның құрылысына бюджеттік өтінім берілді.
Сондай-ақ, бес мектепте (Токарев, Елтай, Нұра, Көкпекті, Үштөбе) спорт, акт залдары, асхана және оқу кабинеттері түріндегі қосымша орын қажет. Оларда оқушылардың саны жобалық қуаттан асып түседі.
– Бүгінгі күні біздің ауданда апатты жағдайға дейін ғимараттың тозуының бір жағдайы анықталды. Бұл Новостройка ауылындағы С.Т. Елгезеков атындағы жалпы білім беретін мектеп. Мәселені шешу үшін 150 орындық жаңа мектеп салу қажет. Жер телімі рәсімделді, мектеп құрылысы 2023 жылға жоспарланған, – деп атап өтті спикер.
Ауданда сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы балаларды қолдау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жаппай оқыту қоры есебінен 736 оқушыға материалдық көмек көрсетілді. Кеңсе тауарлары, спорттық киім және аяқ киім сатып алынды. Жаңа жылға аз қамтылған отбасылардың 70 оқушысына киім сатып алуға 20 мың теңгеге жаңа жылдық сыйлықтар мен сертификаттар сыйға тартылды.



