Президент Әкімшілігіне тұрғындар жиі шағымданатын болған

Президент Әкімшілігі өтініштерді қарастыруды қадағалау бөлімі биылғы жыл басынан бері еліміздің әр өңірінен 401 азаматты қабылдады, деп хабарлайды Basnews.kz ақпарат порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Мәлім етілгендей, Батыс Қазақстан облысының Орал қаласына көшпелі қабылдау (22 адам) да ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, өңір тұрғындарына қолайлы болуы үшін, барлық облыстар мен Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерін селекторлық жүйеге қоса отырып, 75 адамның өтініші қарастырылған.
Өтініштердің басым бөлігі Нұр-Сұлтан (37,4%) мен Алматы (9,2%) қалалары, Батыс Қазақстан (7,7%) және Қарағанды (6,2%) облыстары мен Шымкент (5,4%) қаласының тұрғындарынан түскен. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтаннан – 150 адам, Алматы қаласынан – 37, БҚО-дан – 31, Қарағанды облысынан – 25, Шымкент қаласынан – 22, Ақмола облысынан – 22, ШҚО-дан – 21, Маңғыстау облысынан – 15, Алматы облысынан – 13, Павлодар облысынан – 11, Жамбыл облысынан – 10, Түркістан облысынан – 10, Қостанай облысынан – 10, СҚО-дан – 8, Қызылорда облысынан – 5, Ақтөбе облысынан – 4 және Атырау облысынан 2 азамат жүгінген. «Азаматтар көбінесе құқық қорғау органдары (33%) мен сот органдарының (16%) қызметіне, жергілікті атқарушы органдардың жұмысына (29%) қатысты, банк саласына (8,2%), денсаулы сақтау саласына (2,6%), зейнетпен қамту саласына (2%) қатысты арыз-шағымдар түсіріп жатады, деді ҚР Президенті Әкімшілігі Өтініштерді қарастыруды қадағалау бөлімінен.
Қабылдауға жазылғысы келетін адамдардың саны арта түсуіне байланысты қазір қайта қабылдауларды қысқарту шаралары қарастырылып жатқан көрінеді.
Осы мақсатта қайта қабылдауға жазылған азаматтардың өтініштері сараптаудан өткізілді. Биылғы наурыз айына түскен 150 шағымды тексергенде, оның ішінде 47 адамның, тыңғылықты жауап алғанына немесе шағымдарының негізді түрде қанағаттандырылмағанына қарамастан, қайта шағымданғаны белгілі болды», – деді қадағалау бөлімі.
Тәуелсіз заңгерлер, мемлекеттік органдар берген жауаптарға жасалған сараптама негізінде, 36 қорытынды дайындалған.
«Қазіргі уақытта осындай жұмыс сәуір-мамыр айына қабылдауға жазылған өтініштерге де қатысты жүргізіліп жатыр. Жалпы алғанда, жүргізілген кешенді шаралардың арқасында, ҚР ПӘ қабылдауына өтініш түсірген азаматтардың проблемаларын шешу барысында жағымды өзгерістер болғаны байқалады», – делінген ақпаратта.



