BasNewsЖаңалықтар

Оралда 72 жастағы зейнеткерді өз үйінде пышақтап кеткен

Оралда 72 жастағы зейнеткердің үйінен мәйіті табылды. Зейнеткердің денесінен көптеген пышақ жарақаттары анықталған. Қазір полицейлер қылмыскерді іздестіріп жатыр, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Қайғылы оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желіде тараған. Әйел бұл кезде үйінде жалғыз болған. Бұл туралы пікір білдірген полиция департаментіндегілер зейнеткердің үйінен заттардың жоғалмағанын айтты.

«9 наурыз сағат 18:30-да Зачаганск ауылының 1950 жылы туған тұрғынының мәйіті табылды. Өлімнің алдын ала себебі – көптеген пышақ жарақаты. Мәйіт сот-медициналық сараптамасына берілді. Аса ауыр қылмысты ашу үшін БҚО полиция департаментінің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Қылмысқа қатысы болуы мүмкін адамдардың тізімі жасалуда. Сәйкес сараптамалар тағайындалды», – деді БҚО полиция департаментінің криминалды полиция басқармасының басшысы Сұлтан Шалдарбеков.

Аталған деректен кейін Қылмыстық кодекстің 2 және 192-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button