Алматыда Facebook-тегі пост үшін екі адам 5 жылға сотталды

Facebook-те ұлтаралық араздықты қоздыруға және конституциялық құрылысты өзгертуге үндейтін посттар мен пікірлер жазғаны үшін блогерлер Марғұлан Боранбай мен Данат Намазбай бес жылға сотталды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Бұған дейін «Ұлттық алауыздықты қоздырды» деген күдікпен қамалған блогер-белсенді Марғұлан Боранбай Алматы қаласы ауданаралық сотының шешімімен үйқамаққа ауыстырылған болатын.
Әлеуметтік желіде ұлттық сипаттағы жазбаларымен, ана тілінде сөйлей алмайтын қандастарын сынаумен танылған Марғұлан Боранбай Қылмыстық кодекстің 174 және 179-бабтары («Ұлттық алауыздықты қоздыру» және «Конституциялық құрылысты күшпен өзгерту») бойынша күдікке ілінген.
Сот шешіміне сәйкес, айыпталушылар 2018 жылдан бастап әлеуметтік желідегі парақшаларында ұлтаралық алауыздықты қоздыру мақсатында жазба жариялап, орыс ұлты өкілдерін кемсіткен.
«Мұнымен қоса күдіктілдер орыс ұлтының азаматтарына қатысты күш көрсетуге шақырған», – делінген сот хабарламасында.
Айыпталушы Б. Facebook парақшасында өзін ұлтшыл-патриот ретінде таныстырып, мемлекеттік құрылымды өзгертуге шақырған. Билікті күшпен басып алып, Қазақстан сыртындағы қылмыскерлерді билік басына әкелуді насихаттаған.
Айыпталушы Н. осы тектес жазбалар жазып, жемқорлықпен күресудің радикалды жолдарын ұсынған.
Сотта олар өз кінәларын мойындамады, бірақ жазбаларынан да бас тартпаған. Айыпталушылардың кінәсін Facebook жазбалары, сараптамалар мен жапа шеккен адамдардың түсініктемелері дәлелдеді.
Еске сала кетсек, 2020 жылы Марғұлан Боранбай «Ақ жол» партиясының қатарына кіретінін айтқан. Кейін оған мүшелік билетті партия төрағасы Азат Перуашев тапсырды.
«Ұлттық мүддені қорғап, сепаратизмге қарсы шыққаны үшін теріс пиғылды қызыл коммунистердің жала жабуымен ісі тергеліп, үйқамақта жатыр. «Ақ жолды» таңдаған Марғұлан Боранбайға ақ жол тілейміз!» – деп жазды Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса.
Қазіргі уақытта қоғам белсенділерінің қорғаушылары мен достары, жанашырлары аппеляциялық сотқа арыз түсіруді жоспарлап отыр.