Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Осы аптада Қазақстанның Польшадағы Елшісі тағайындалып, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда, өңірлік атқарушы билікте бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Әлім Серікұлы Қирабаев Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды.
Әлім Серікұлы1972 жылы 16 сәуірде Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірді (1994 ж.), АҚШ-та тағылымдама өтіп (1993 ж.), ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының ҚР СІМ құрылымдық бөлімшелері басшыларының біліктілігін арттыру курсынан өтті. Дипломатиялық қызметін 1997 жылы ҚР СІМ Еуропа елдері басқармасының референті, кейіннен Көпжақты ынтымақтастық департаментінің атташесі лауазымдарынан бастады. 1997-1999 жж. – Бірінші департаменттің БҰҰ және халықаралық экономикалық ұйымдар басқармасының үшінші хатшысы. 2010 жылдан 2019 жылға дейін ҚР СІМ Сыртқы саяси талдау және болжамдау департаментінің директорының орынбасары және директоры қызметін атқарды. Қазақстанның Польшадағы Елшісі лауазымына тағайындалғанға дейін ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі қызметінде болды.
Аптаның ортасында ҚР Үкіметінің қаулысымен Серікқали Аманғалиұлы Брекешев ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі лауазымына тағайындалды.
Серікқали Брекешев 1972 жылы 14 қазанда Павлодар қаласында дүниеге келген. 1995 жылы Атырау политехникалық институтын «мұнай және газ кен орындарын игеру» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1995-1997 жылдары «Қазақстан-Ресей сауда үйі» БК бас директорының орынбасары, экономист болып жұмыс істеген. 2007-2014 жылдары энергетика және минералды ресурстар, мұнай және газ министрліктерінде басшылық лауазымдарды атқарды. 2015 жылдан бастап «ҚазТрансГаз» АҚ құрылымында жұмыс істеді — Техникалық саясат департаментінің директоры, ГТЖ басқару жөніндегі басқарушы директор, техникалық саясат жөніндегі басқарушы директор, өндірістік-техникалық департаменттің директоры, бас директордың техникалық саясат жөніндегі орынбасары.
ҚР Президентінің Әкімшілігімен келісімі бойынша Малғаждар Саттарұлы Тәткеев Ақмола облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Малғаждар Саттарұлы 1960 жылы бұрынғы Көкшетау облысында туған. Жоғары білімді. КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебін бітірген, заңгер. Заң ғылымдарының кандидаты. 1983 жылдары құқық қорғау органдарында қызмет істеді. 2012 – 2013 жылдары Ақмола облысы жер қатынастары басқармасының басшысы. 2013-2014 жылдары Зеренді ауданының әкімі, 2014 жылдың қыркүйегінен бастап, бүгінгі күнге дейін Целиноград ауданының әкімі қызметінде болды.
Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне Серік Тұрдалиев тағайындалды.
Серік Мелісұлы Тұрдалиев 1969 жылы туған. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы халық шаруашылығы академиясын ауыл шаруашылығы өндірісінің экономист-ұйымдастырушысы және іскери әкімшілік шебері мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын «Мақсат» сыртқы экономикалық акционерлік қоғамы Талғар филиалы бас директорының орынбасары болып бастады. Қарағанды облысында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары, президентінің, Басқарма төрағасының кеңесшісі, вице-президенті, вице-президенті-аппарат басшысы, әкімшілігінің басшысы, Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
Түркістан облысы әкімінің өкімімен облыс әкімінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер бойынша штаттан тыс кеңесшісі қызметіне Алдаберген Асыл Берікұлы тағайындалды.
Асыл Алдаберген 1998 жылы Түркістан қаласында туған. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Turkistan Adaldyq alany» жобалық кеңсесінің менеджері және басшысы болған. 2019 жылдың тамыз айынан бастап 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының көмекшісі қызметін атқарған.
Алматы облысы әкімінің өкімімен Төлеген Қапсалықұлы Сәрсембаев Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды.
Төлеген Қапсалықұлы Сәрсембаев 1968 жылы туған. Алматы халық шаруашылығы институтын, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін экономист және заңгер мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын Алматы зооветеринарлық институты «Ақсай» оқу-тәжірибелік шаруашылығының бухгалтері болып бастады. Әр жылдарда Алматы зооветеринарлық институты «Ақсай» оқу-тәжірибелік шаруашылығының экономикалық жоспарлау бөлімінің бастығы, Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік қаржылық бақылау комитеті басқармасының ревизор-бақылаушысы, аға ревизор бақылаушысы, бас ревизор-бақылаушысы, Алматы облысы бойынша мемлекеттік қаржы бақылау комитеті басқармасының бас ревизор-бақылаушысы, бөлім бастығының орынбасары, бастығы, Алматы қаласы Түрксіб ауданы бойынша салық комитетінің бас салық инспекторы, сектор меңгерушісі, сектор бастығы, Алматы қаласы Түрксіб және Бостандық аудандары бойынша салық комитеттері бастықтарының орынбасары, Қызылорда облысы бойынша салық комитетінің бастығы, Алматы қаласы Түрксіб ауданы бойынша салық басқармасының бастығы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары бойынша салық департаменттерінің бастығы, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитеті Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы, Оңтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары әкімдерінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2019 жылдың мамыр айынан – Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болды.
Қызылорда облысы Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы қызметіне Ғалым Едігеев тағайындалды.
Ғ. Едігеев 1979 жылы дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2000 жылы Қызылорда қалалық прокуратурасында бастаған. Одан кейін Қызылорда қалалық, облыстық, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында жауапты қызметтер атқарған. 2012-2019 жылдары Қызылорда көлік прокуроры, Қызылорда облысы прокуратурасының Әлеуметтік саладағы заңдылықты қадағалау басқармасының бастығы, Қазалы ауданының прокуроры, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасының бөлім басшысы болды. 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.
Біржан Досмаилов Павлодар облысы денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды және ол басқарма басшысының міндетін атқарады.
Біржан Серікұлы Досмаилов 1977 жылы 23 наурызда Алматы қаласында өмірге келген. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік медицина университетін, 2013 жылы Гуманитарлық-Техникалық Академияны, ал 2015 жылы Алматы Менеджмент Университетін тәмамдаған. Жалпы практика дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты, экономика мен бизнес бакалавры, іскерлік әкімшілік басқару магистрі. Еңбек жолын 2001 жылы Шу қалалық ауруханасында хирург болып бастаған, 2003-2004 жылдары Нұр-Сұлтан қаласында Травмотология және ортопедия ғылыми зерттеу институтында жұмыс істеп, аталмыш ғылыми зерттеу институтында ғылыми қызметке ауыстырылған. Ал 2004-2007 жылдары аталмыш институтта күндізгі аспирантурадан өткен. Аспирантурада оқуын аяқтаған соң Біржан Досмаилов Травматология және ортопедия ғылыми зерттеу институтында 2016 жылға дейін әртүрлі қызметтерде еңбек жолын жалғастырған. Ғылыми зерттеу институтының травмотология және ортопедия бөлімінің меңгерушісі болған. Біржан Досмаилов 2016 жылы Астана қаласы №1 қалалық ауруханасының бас дәрігерінің инновация бойынша орынбасары, ал 2017 жылдың 28 қарашасынан 2020 жылдың 4 наурызына дейін Нұр-Сұлтан қаласының №2 қалалық көпсалалы балалар ауруханасының директоры қызметтерін атқарған.
Атырау облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы болып Бағытжан Бағытұлы Төлеген тағайындалды.
Бағытжан Бағытұлы 1985 жылы туған. Бірнеше жоғары білімі бар. 2007 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін, 2010 жылы Атырау мұнай және газ институтын, 2017 жылы Ресей Федерациясының Президенті жанындағы халық шаруашылығы және мемлекеттік муниципалды басқару академиясын бітірген. Еңбек жолын 2008 жылы Атырау қаласындағы «Декор» компаниясының менеджері болып бастап, кейін бірнеше лауазымды қызметтер атқарған. 2017-2018 жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде сатып алу және жабдықтау бөлімінің басшысы болды. Ал, 2018 жылдың маусымынан бері Маңғыстау облысында мемлекеттік сатып алу басқармасының бөлім басшысы қызметін атқарды.
Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болып азаматтық қорғау полковнигі Марғұлан Аманбаев тағайындалды.
Марғұлан Аманбаев 1973 жылы Қарағанды облысы, Жаңарқа ауданы, Дружба елді мекенінде дүниеге келген. 1995 жылы Жезқазған тау-техникалық институтын, 2007 жылы ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтын «Өндірістік және азаматтық құрылыс» және «Өрт қауіпсіздігі» мамандықтары бойынша тәмамдаған. Өртке қарсы қызмет органдарында 2000 жылдың мамыр айынан бастап қызмет етуде. 2012 – 2015 жылдар аралығында Астана қаласы ТЖД, Алматы ауданы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы қызметін атқарған. 2015 – 2016 жылдары Астана қаласы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ бастығы болды. 2016 – 2020 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД бастығының орынбасары қызметін атқарған.
«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ төрағасы болып Нұрлыбек Алтынбеков тағайындалды.
Нұрлыбек Алтынбекұлы жоғары білімді. Әр жылдары кәсіпкерлікпен айналысқан. Сондай-ақ, «Самұрық-Энерго», «ҚазМұнайГаз» БарлауӨндіру» АҚ секілді жетекші компаниялардың құрылымдарында түрлі басшылық қызметтер атқарған.
«ҚазАгро» холдингі «Аграрлық несие корпорациясы» (АНК) АҚ директорлар кеңесінің шешімімен басқарма төрағасы қызметіне Бағлан Құлтаев сайланды. Бұған дейін ол корпорацияның басқарушы директоры – басқарма мүшесі қызметін атқарған.