Бұқар Жырау ауданында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салынады

Биыл Қызылжар ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салынады. Ростовка елді мекенінде барлық ауылішілік жолдар асфальтталады, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Бұқар Жырау ауданы бойынша жұмыс сапары барысында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жергілікті ауыл қоғамдастықтарының белсенділерімен кездесіп, оларды қанадй мәселелер толғандыратынын білді.

Қызылжарда 800-ден астам адам тұрады. Медпункт пен фельдшер бар. Алайда 1964 жылы салынған ғимарат ұзақ уақыттан бері күрделі жөндеуді қажет етуде.
Өңір басшысы ауыл тұрғындарын қуантты. Биыл жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталады.

Сондай-ақ, ауылда спорт залы жоқ. Спортпен айналысуға арналған ғимараты бұрыннан қаңырап бос тұр. Облыс әкімі оны тезірек жөндеуді тапсырды. ЖСҚ әзірлеуге конкурс жарияланды. Қалпына келтірілгеннен кейін ауыл тұрғындары спортпен шұғылдануға мүмкіндік алады.

– Мен бұл ауылда бала кезімнен тұрамын. Күреспен айналысамын. Бұл спортзал бұрындары жұмыс істеген, мен өзім осында шұғылдандым. Бұл жерден көптеген чемпиондар түлеп ұшқан, – деп бөлісті Қызылжар тұрғыны Амангелді Есенғали. – Қазір ауылда спортзал жоқ, балалардың айналысатын жері жоқ. Біз бұл ғимарат қалпына келтірілетініне, облыс әкімі ұсынған шешімге қуандым.

Қызылжарда орталық су құбырының құрылысы аяқталуда. Қазіргі уақытта жұмыстың 80%-ы жасалды. Нысан биыл пайдалануға берілуі тиіс.

Ростовка ауылында Жеңіс Қасымбек кентішілік жолдардың ағымдағы жөнделуімен танысты. Жолдың 700 метрін асфальттау, су өткізу құбырларын орнату және жол жиектерін төгу жұмыстары қалды. Оларды аяқтауға «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша қаражат бөлінді. Жоспар бойынша ауылдың барлық көшелері биыл асфальтталады.

Сондай-ақ, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2021 жылы Ростов тірек мектебі жанындағы интернаты күрделі жөндеуден өтті. Алайда тұрғындар жұмыс сапасына шағымданды.
Жеңіс Қасымбек жүргізілген жұмысты жедел бағалайтын комиссия құруды тапсырды. Егер кемшіліктер анықталса, мердігер оларды үш жылға жарамды кепілдік аясында жоюы тиіс.

Ауыл тұрғындары мал жаю үшін жайылымдардың жетіспеушілігі туралы да айтты. Бұл мәселеге қатысты тұрақты түрде жұмыстар атқарылуда, алайда ол өзекті болып қалып отыр. Оны жер заңнамасы аясында шешетін болады.



