Жеңіс Қасымбек Бұқар Жырау ауданының тұрғындарымен кездесті

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек халыққа есеп беру кездесулерін жалғастыруда. Бұқар Жырау ауданында ауыл тұрғындары әлеуметтік мәселелерден бастап мал ұрлығына дейін көптеген мәселелерді көтерді, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Ботақара мәдениет үйінде өткен кездесуге аудан орталығының ғана емес, басқа да ауылдардың тұрғындары жиналды. Кездесуге келгендердің әрқайсысы өз сұрақтарын қоя алды.
Мысалы, Доскей ауылынан келгендер электр желілерінің жағдайына шағымданды. Бұл мәселенің шешілуі монополистің инвестициялық бағдарламаны іске асыруына тікелей байланысты.

Қушоқы тұрғындары ДСК салып беруді сұрады. Басқа ауылдарда да спортпен шұғылданатын орындар жетіспейді. Аудан әкімі Сержан Аймақовтың айтуынша, биыл 17 елді мекенде жаңа спорт нысандары ашылады, онда көпфункционалды хоккей корттарын, шағын футбол алаңдарын, Workout көше алаңдарын орнату жоспарлануда. ДСК Ботақара кентінде, Ғ. Мұстафин ауылында салынады деп көзделіп отыр. Қушоқы үшін де жоба әзірленбек.

Ғ. Мұстафин кентінде көпірді жөндеу мәселесі бірнеше жыл бойы шешілмеген. Биыл бюджеттен қаражат бөлініп, жұмыстар басталады.

Ауыл клубын жөндеу, физиотерапия кабинетін жабдықтау, мектепке жапсарлас ғимарат салу – бұл ауыл тұрғындарының өтініші. Көптеген сұрақтарға облыс және аудан әкімі бірден жауап берді. Кейбіреулеріне бір апта ішінде жазбаша жауаптар беріледі.
– Жалпы Бұқар Жырау ауданы дамуда, оң динамика бар. Бұл жаңа үйлер мен жаңартылған жолдар. Доскей ауылында бес қабатты екі үйге күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда, сондай-ақ облыстық басқармалар есебінен тағы үш үй қалпына келтіріледі. Ауданда «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасының арқасында ауылдардың инфрақұрылымы жақсаруда, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. – Бірақ шешілмеген мәселер аз емес. Осы кездесудің қорытындысы бойынша сіздер айтқан ұсыныстар мен ескертулерді ескере отырып, іс-шаралар жоспары әзірленетін болады. Келесі кездесуде не істелгені туралы есеп береміз.

Есеп беру кездесуінің жаңа форматы Бұқар Жырау халқына ұнады.
– Мен бүгін жерлестерімнің проблемалары туралы айтып бердім. Әкімнің есебіне бірінші рет келіп отырған жоқпын. Осындай кездесулер көп болуы керек. Еш жалтақсыз, ашық диалог болды. Біздің мәселелеріміз шешіледі деп үміттенеміз. Халыққа жақын болу – бұл өте жақсы. Мұндай кездесулер билікке деген сенімді арттырады, – деді Ботақара кентінің тұрғыны Раушан Сағандықова.

Кездесуден кейін облыс әкімі жеке мәселелер бойынша да қабылдау өткізді.



