Сот Дикий Арманды қамауға алу мерзімін ұзартты

Биыл 7 қаңтарда Алматыда арнайы операция кезінде ұсталған Арман Жұмагелдиевке Алматы қаласының тергеу соты қамауда отыру мерзімін 2022 жылдың 7 маусымына дейін ұзартты, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
«Тергеу сотының қаулысымен тергеу органының өтініші қанағаттандырылды. Күзетпен ұстау мерзімін 2022 жылғы 7 маусымға дейін ұзартуға санкция берілді», – деп хабарлады сотта.
Айта кетейік, «Дикий Арманның» ұсталғаны туралы ақпарат 7 қаңтар күні тараған еді. 11 қаңтар күні ол екі айға қамауға алынды. ІІМ ақпаратына сүйенсек, Арманмен бірге бес адамнан құралған болжалды қылмыстық топ та ұсталған.
Наурыз айында «Дикий Арманды» қамауда ұстау мерзімі 7 сәуірге дейін ұзартылды. Ол Қылмыстық кодекстің 272-бабы «Жаппай тәртіпсіздік» және 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша күдікке ілініп отыр.