Алматыда тоғыз қабатты үйден өрт шығып, 65 адам эвакуацияланды

Алматыда Алатау ауданы Ақкент шағынауданындағы 9 қабатты үйден өрт шыққан, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желілерде көпқабатты үйдің жоғары жағын қара түтін басқан видео тарады.
https://www.instagram.com/tv/CcfIlZbjjFv/?utm_source=ig_web_copy_link
Алматы ТЖД 14:30-да Ақкент шағынауданындағы 9 қабатты тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскенін айтты. Оқиға орнына ТЖД бірнеше өрт сөндіру бөлімшесі шыққан.
Өртсөндірушілер жетінші қабаттағы 10 шаршы метр лоджия жанып жатқанын анықтаған. Өрт 8-9 қабаттарға жетуі мүмкін еді. Жанып жатқан үйден 7 адам құтқарылып, 65 адам эвакуацияланған. Ал өрт 15:02-де сөндірілген.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Сонымен қатар, ТЖД өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды ұсынады: электр құралдарын қараусыз қалдырмау, балконда темекі шекпеу және жанғыш заттар мен материалдарды қоқысқа тастамау.