Пікір

Референдум – әділетті қоғам құрудағы алғашқы қадам!

Референдумға шығарылатын өзекті өзгерістер халықтың азаматтық жауапкершілігіне, саяси белсенділігіне байланысты, яғни саяси реформалар сонда ғана жүзеге асады.

Осы өзгерістер нәтижесінде Парламент Мәжілісі заң шығаратын органға айналады. Ал сол заңды шығаратын Мәжіліске сайланатын депутаттардың 30 пайызын халықтың өзі сайлайтын болады. Сайланған депутат халықтың мүддесін көздемейтін болса, халықтың оны кері қайтаруға мүмкіндігі бар. Бұл – мажоритарлық сайлау. Конституцияға енгізілетін жаңа нормаларда осы тетік қарастырылған. Мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша сайлау туралы заңнамаға сай келетін кез келген азамат өзін-өзі ұсына алады және оның қандай да бір партияның мүшесі болуы міндетті емес.
Ал попорционалды сайлау жүйесі бойынша халық партияға дауыс береді. Партия атынан сайланатын депутаттар тізімін партия өзі құрайды. Осылайша, пропорционалды-мажоритарлық сайлау жүйесі билік басына «елім, жұртым» дейтін азаматтардың келуіне түрткі болады.
Таяуда, дәлірек айтсақ маусымның 5 күні референдум өтіп, Қазақстан Республикасының Конституциясына біраз өзгерістер енгізілмек. Яғни, Ата Заңның үштен бір бөлігі өзгертілмек.
Бұл бүгінгі заман талабына сай жүзеге асырылмақ. Себебі, Жаңа Қазақстан құруды мақсат тұтқан Мемлекеттік басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейінгі мәлімдемелері мен жолдауларында да бұл жайлы жиі тоқталып жүр.
Рас, зайырлы, құқықтық мемлекетте барлық мәселе заң аясында шешіледі. Күнделікті кездесетін ұсақ-түйек мәселелерден бастап, күрмеуі қиын күрделі проблемаларға дейін Конституцияны негізге ала отырып түйінін тарқатуға болады. Егер Ата Заңда айбар болмаса, ол бәрінен алда жүрмесе, биік тұрмаса, онда ел ішінде тәртіпсіздік көбейіп, келеңсіз жағдайлар көбейіп кетеді. Сол үшін қабылданатын заң өте байсалды, жан-жақты зерттелген, барынша қамтылған болғаны жөн. Оны жасайтын да өзіміз. Яғни, референдум арқылы әркім өз пікірін айтуға, ой-ұсынысын білдіруге құқылы. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, барынша белсенді болайық!
Сейдуллаева Айдана Нұржанқызы, заңгер

Back to top button