Ауруханаға жатқызылған Шымкент тұрғыны карантиннен қашып кеткен

Карантиннен қашып кеткен Шымкент қаласының тұрғыны тергеліп жатыр, – деп хабарлайды BasNews.kz ақпарат порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ол 10 наурыз күні Мәскеуден Алматыға ұшып келген. Сол рейстегі жолаушылардың бірінде коронавирустың белгісі анықталыпты. Сондықтан басқа да жолаушылар Қазығұрт аудандық жұқпалы аурулар ауруханасына 14 күнге карантинге жіберілген. Тәртіпке көнгісі келмеген ер адам ауруханадан қашып кеткен. Дереу іздеу шараларын бастаған полицейлер оны Арыс қаласындағы ата-анасының үйінен тапқан. Сол жерден ол қайтадан Қазығұрт аудандық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілді.
Азамат Вьетнамда жұмыс істеген. Ол әлем бойынша коронавирус тарай бастағандықтан Алматыға Мәскеу арқылы транзитпен ұшып келіпті.
Осы оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы «Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Полиция қызметкерлері істің мән-жайын анықтап жатыр.



