Инфекционист Данагүл Баешева: Бұл вирус басқалардан ауырлау
Еліміздегі жетекші инфекционист, Астана медициналық университетіндегі балалардың инфекциялық аурулары кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баешева коронавирус инфекциясының өзге аурулардан ерекшелігі мен оқшауланудың тәртібі туралы әңгімелеп берді.
Назарларыңызға профессордың сұхбатын ұсынамыз.
– Динагүл Аяпбекқызы, өкінішке қарай коронавирус біздің елде де тіркелді. Осыған байланысты адамдар дүрбелеңге берілмеуі үшін не істеуі керек деп ойлайсыз? Азаматтар осындай жағдайда өзін қалай ұстауы керек?
– Өзіңіз білетіндей, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас хатшысы Тедрос Гебреисус коронавирус пандемиясын жариялаған болатын. Бұл коронавирустың барлық жерде және күн сайын таралатынын білдіреді. Біріншіден, ДДСҰ бәріне дайын болу керектігін ескерткен. Екіншіден, вирусты іздеп, тауып алу керек. Жаһандану жағдайында қазір шетелге адамдар жиі барады. Қазақстан да азаматтары кез келген елге еркін бара алатын мемлекеттердің қатарында. Тиісінше, біздің елге де келіп жатқандар бар. Бірінші кезеңді сәтті өттік. Яғни індеттің эпицентрі саналатын Қытаймен шекаралас болсақ та, Үкімет пен Денсаулық сақтау министрлігінің күш-жігерінің арқасында қауіпті кезеңнің бірінен аман өтіп отырмыз. Енді қазір Еуропа мен ТМД елдерінен қауіп төніп тұр.
Бұл вирус бізге де келді. Әрине, қауіп артады. Біз оны түсініп, қабылдауымыз керек. Дүрбелең мен шу ештеңе бермейді, керісінше жағдайды ушықтыра түспек. Сондықтан біз бұл жағдайды қабылдай отырып, вирусты ауыздықтаудың ережелеріне сүйенуіміз керек. Егер сіз басқа елдердің жағдайына қалай екенін қарасаңыз, көп нәрсе қатал тәртіпке және ДДСҰ мен Денсаулық сақтау министрлігінің барлық ұсыныстарын орындауға байланысты болады. Осы әрекеттердің арқасында Қытай 18 күнде, Оңтүстік Корея 13 күнде оң нәтижеге жетті. Бұл елдер процесті кері қайтара білді. Ең бастысы, дәрігерлермен бірге жұмыс істей бастаған халықтың өзі індеттің бетін қайтарғанын атап өту керек. 14 ақпанда Қытайда адамдардың өздері жаппай оқшаулана бастаған кезде процесс тоқтап, құлдырай бастады. Оңтүстік Кореяда да жағдай солай. Италияда да солай болмақ. Жалпы, адамдар кейде оңтайлы сәтті жіберіп алып, кейін бармағын тістеп қалуы мүмкін. Вирус ауқым алып кеткеннен кейін адамдар Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған шараларды түсініп, қабылдай бастайды. Мұның бәрі халықтың тәртібіне байланысты. Адамдар әлі де келе береді. Бәлкім арасында жұқтырғандар да бар шығар. Олар көп уақыт өтпей анықталары сөзсіз. Адамдар іштей дайын болуы керек. Қорқынышқа берілудің қажеті жоқ. Адамдар ауру өздеріне жұқпауы үшін барлық шараны нақты қабылдауы керек.
– Коронавирустың өзге инфекциялық аурулардан ерекшелігі неде?
– Өзінің салмағы жағынан бұл вирус басқаларға қарағанда, тұмаудан немесе қызылшадан гөрі ауырлау. Вирус ұзақ уақыт ауада ілініп тұруға қауқарлы. Салмағы ауыр болғаннан кейін вирус айналадағы заттарға түсуі мүмкін. Көбіне адамдар тек маска киіп алып, қорғанудамын деп ойлап, өз-өзін алдайды. Бірақ олар қолындағы ұялы телефонға немесе вирус түсетін басқа заттарға назар аудармайды. Содан кейін ол вирус қолына түседі. Бірақ осы адам басқа біреумен сәлемдесуі де мүмкін ғой. Артынша ауызын немесе көзін қолымен ұстауы ықтимал. Міне вирус ағзаға осы жолмен жетеді.
– Коронавирус болсын, тұмау немесе ЖРВИ болсын көпті алаңдатары сөзсіз. Міне осы аурулардың сақтануы үшін адам қандай шараларды қабылдауы керек?
– Ең бастысы – қоғамдық орындарға бармаған абзал. Міне, сондықтан бүгінгі күні мектеп оқушылары демалысқа жіберіліп, студенттер қашықтықтан оқыту жүйесіне ауыстырылды, кинотеатрлар жабылды. Бұл адамдар жиналып, ауру жұқтыруы мүмкін орындар. Ең бірінші кезекте қоғамдық орындарға баруға қатаң тыйым салынады. Екіншіден, жолдамалар қаншалықты арзан болса да, әсіресе коронавирус инфекциясы тіркелген елдерге бармаңыз. Артынша «алтын» ережені ұстанған дұрыс: қолды сабынмен 20 секунд бойы мұқият жуыңыз. Үйге келдіңіз бе – алдымен қолды жуып, ұялы телефонды, ұстаған заттың бәрін антисептикпен сүртіңіз. Киімді күн түскен жерге ілу керек. Аяқ киімдер де антисептикпен сүртіледі.
Егер сіз сыртта болсаңыз, бетіңізге қол тигізбеңіз. Көзіңізді уқаламаңыз, ерніңіз бен мұрныңызға қолды апара бермеңіз. Осы ережелерді сақтамасақ, денеге вирусты жұқтыруымыз мүмкін. Вирус адамдар мен жануарлардың тірі организмінде ғана таралады. Өздігімен көбейе алмайды.
Адам вирустың таратушысына айналады. Вирус екі жолмен – ауа немесе тамшы арқылы және тұрмыстық байланыс арқылы жұғуы ықтимал. Түшкіретін немесе жөтелетін адамнан кем дегенде 2 метр қашықтықта алыс тұру керектігін ұмытпаңыз. Дүкендерде адамдармен тығыз тұрмау керек. Бұл маңызды шарт. Қазір ата-аналар балаларын әртүрлі сауда және ойын-сауық орталықтарына апаруды доғарған. Мәселен, жұқпалы аурулар ауруханасында бұл кезде әдетте 300 бала емделетін, бүгін де 100-ге жуық адам ғана емделуде.
– Осыған байланысты коронавирус бойынша ахуал жағымсыз елдерден келген азаматтарға қатысты сұрақ туындайды. Адамдар өз-өзін қаншалықты дұрыс оқшаулап жатыр. Өзін-өзі оқшаулау ережесінің тәртібі қандай қиындықтарға душар етуі мүмкін?
– Мысалы, инкубация кезеңінде ол 14 күнге дейін өзін жақсы сезініп, вирусты барлық жерде таратып жүргенін байқамауы мүмкін.
Израильде адамдар коронавирус ауруы бар адамдардың келіп жатқанын білген кезде бір күнде 22 мың адам өзін-өзі оқшаулаған. Бірақ біздің жағдайымыз басқаша: адамдар аулаққа қашып, карантинге жатқысы келмейді. Бұл тәртіпке бағынбау дегенді білдіреді. Басқа елдерде мұндай жауапсыздық үшін үлкен айыппұл төлеуге немесе тіпті қылмыстық іс қозғауға дейін баруы мүмкін. Халықтың таным-түсінігі үлкен рөл атқарады. Адамдар оқшаулануы керек. Өздігінен оқшауланатын бөлменің болуы және ол күніне екі рет желдетілуі тиіс. Бөлмеде заттардың аз болғаны дұрыс, өйткені вирус осы заттарға жабысады. Заттардың бетін дезинфекциялық құралдармен сүрту керек.
Адам бөлмеде 14 күн болуы тиіс. Ол ешқайда бармай, қоғамдық орындардан алыстап, қоғамдық көлікпен жүрмеуі тиіс. Осы уақыт ішінде ол ешкімді – туыстарын да, достарын да, туыстарын да қабылдамауы керек. Гигиенаны сақтауды ұмытпаңыз. 14 күннің ішінде адамның өзі бұл вирусты жойып, таралуына жол бермейді.
Біз дәрігер, сіз журналист ретінде көпшілік алдында үлкен жұмыс жүргізуіміз керек. Ақыл-ойды біріктірген абзал. Жастарды жұмылдырып, еріктілер қозғалысын құрып, адамдардың бір-бірінен алыстауын қамтамасыз ету керек. Егер біз кем дегенде бір ай жағдайды қатаң бақылауда ұстайтын болсақ, үлкен жетістікке жетеміз.