Шымкенттің саясы- шынар ағаш

«Шымкентті шынарлы қала» деуге болады. Бұл жапырақты ағаштар қалаға көлеңке, адамдарға сая береді. Қаланың жасы 2200 жылдан асып кетті десек, бұл шынарлар да көптеген жылдар бойы өсіп келеді. Әсіресе, Диваев және Іляев көшелерінің қиылысқан тұсы, Бейбітшілік даңғылының бойында шынар ағаштары жайқалып тұр. Климаты ыстық өңірімізге дәл осындай жапырақты, ұзақ жылдар бойы өсетін, ыстыққа төтеп беретін ағаштар қажет.
Жалпы Шынар ағашы Өзбекстандағы Карчи деген жерінде өседі. Бұл ағаш кез-келген жерде өсе бермейді. Бүгінде Әмір Темірдің басында үш түп, Жалаңтөс баҺадүр басында екі, Өзбекстанның Тұңғыш Президенті Ислам Каримовтың басында алты түп шынар өсіп тұр. Карчидің ауа-райы Шымкенттің ауа райына ұқсас. Шынар – 400 жылға жуық өмір сүретін ағаш және ол тез өсетін ағаш. Ол 1 жылда 24 дюймге дейін өседі, ал бірінші жылы көшет 10 фут биіктікке жетеді.
Шынар ағашымен байланысты тарихи аңыз әңгімелер көп соның бірі Шыршық өзенінің жоғары ағысындағы алып ағаш. Шынардың үлкендігі сонша, бірталай адам қол ұстасып тұрып құшақтаса да, құшақтары жетпейді екен. Көлеңкесіне бірнеше жүз адам бір незгілде демалатын көрінеді.
XVIII ғасырлар ортасында Төле би Ташкентті билепті. Жазда ол жайлауға шығып, осы шынардың түбінде елдің игі жақсыларын шақырып, қымыз ішеді екен. Әңгіме- дүкен құрып, келелі мәселелерді шешеді екен», – деген аңыз-әңгіме айтылады.
Бірде Төле бидің жылқысын жау қуып ала жөнеліпті. Ел «енді не іс- тейміз?» деп аңтарылып тұрғанда, ана шынардың түбінде байлаулы тұрған қасқа айғырды қыл бұрау салып шыңғыртыңдар, сонда жылқы өзі-ақ қайтады, – депті би.
Жігіттер аяғы тасырқап жылқыға ілесе алмай қалған қасқа айғырды қыл арқан салып шыңғыртады. Айғырдың дауысын Қаржан тауын асып бара жатқан қалың жылқы естісімен нөпірлетіп қайта кері шауыпты. Ал жылқы ұрлаушылар көп жылқы тұяғының астында тапталып өлген деседі.
Шынардың саясында алыс жерлерден келген адамдар демалып, қуат алады екен. Талай оқиғаның куәсі болған, көне тарих көзі – алып шынар келіп-кетушілерді күні бүгінге дейін саясына алып, мейірін төгетін көрінеді.
Шымкенттегі ең кәрі Шынар ағаштары Орталық саябақта өсіп тұр. Олар жеткілікті дәрежеде өскен, сондықтан, басқа ағаштардан биік болып, көзге түспейді. Дегенмен, баяғыдан өсіп тұрғанын діңінен ажыратуға болады. Ал шынар ағашы неғұрлым ұзақ өскен сайын діңінің беткі қабығы түсіп, астынан ақ қабығы көрінеді.
Шымкент бұрынғыдай шынар ағашының шағын отанына айналады деген үміт бар. Ол үшін тыңғылықты дайындық керек. Себебі, өзі көп жылдық, алып ағаш болатын шынарды өсіруге мол күтім қажет.
Ал әзірге шынар ағашының көшеттері Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақта өсірілуде. Мұндағы мамандар ерекше ағаштың үш мыңға жуық көшетін қаламшадан өсірген. Қазіргі таңда олардың екі мыңнан астамы жерсініп, суару-баптау секілді күтім жасалуда.



