Елорда әкімі карантин мен коменданттық сағатты шатастырмауды сұрады

Елорда әкімі Алтай Көлгінов қала тұрғындары мен қонақтарынан жарияланған карантинге түсіністікпен қарауды сұрады, деп хабарлайды BasNews.kz.
«Бүгін коронавирус жұқтырғандар саны екі адамнан 17 адамға дейін өсті. Сондықтан біз тұрғындарды қорғау және коронавирусты таратпау үшін қала аумағында карантин енгізуді ұсындық. Премьер-министрдің төрағалығымен жиналыс өтті. Қала аумағында карантинді 2020 жылдың 19 наурызында 00: 00-ден бастап енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігі үшін бақылау одан әрі күшейтіліп, қосымша шектеулер болады деген сөз. Мәселен, автовокзалдарда, қала аумағына кіретін және шығатын жерлерде қалааралық автобустарға тыйым салынады, инфекцияға күдігі бар адамдарды анықтау үшін барлық көлік құралдарымен қосымша көлік бекеттері орнатылады», – деді Көлгінов.
Сондай-ақ, ол карантин енгізу жайына түсінік берді.
«19-нан бастап карантин енгізіледі. Мәселен, автовокзалдарда шектеу шаралары болады. Қосымша нүктелер белгіленеді. Мен карантин мен коменданттық сағатты шатастырмауларыңызды сұраймын», – деп қорытындылады сөзін әкім.
Алтай Көлгіновтың айтуынша, елордадағы сауда нүктелерінің қоймаларында 1 айға толық жететін азық-түлік бар.
«Қазіргі уақытта қаладағы сауда желілерінің қоймаларында 47 мың тонна әлеуметтік маңызды азық-түлік бар. Бұл қазіргі айлық норманы толықтай жабады. Айлық норма – 38 мың тонна. Ол қоймаларды азық-түлік тауарларымен қосымша толықтырамыз. Кеше елордаға 400 мыңға жуық маска жеткізілді. Алдағы уақытта тағы 1 млн маскаға, антисептиктерге тапсырыс берілді. Қажет болған жағдайда апта ішінде жеткізіледі», – деді қала басшысы.
Оның атап өтуінше, ПИК-терге үйлердің кіре берістерін, есік тұтқаларын, баспалдақ жақтауларын, лифтілерді күніне екі мәрте зарарсыздандыру туралы тапсырма берілген.
«Барлық коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режіміне ауыстырылды және гигиеналық заттармен қамтамасыз етілді», – деді Алтай Көлгінов.
Айта кетейік, 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин енгізіледі.



