BasNewsЖаңалықтар

2023 жылы қала тұрғындары 100% сапалы экологиялық ауыз сумен қамтылады

Сусыз тіршілік жоқ, ол бүкіл тірі жан иесіне тән. Тамақсыз бірнеше күн өмір сүруге болады, ал сусыз сонша уақыт өмір сүру мүмкін емес. Адамның, сондай-ақ көптеген жан-жануарлар денесінің 2/3-і, ал кейбір өсімдіктердің 4/5-і судан тұрады.
“Су-тіршілік көзі, жердің нәрі”-деп дана халқымыз текке айтпаған. Халықтың денсаулығы ең бірінші ауыз суға байланысты болса, ал ауыл халқының әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі өсірген егіні мен алған өніміне байланысты екендігі айтпаса да түсінікті. Таза ауыз су-адам денсаулығының кепілі. Шымкент қаласының әкімдігі соңғы жылдары халықтың әл-ауқатын, білімі мен денсаулық жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар мақсатты бағдарламаларды қабылдап, жүзеге асырып келеді.

Шымкент қаласындағы 81 елді мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ елдімекендері ауыз суды кестемен тұтынады. Қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткішін арттыру мақсатында биыл 7 нысанда құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр.  Олар:  Құрсай 1,2 – кезек, Асар-2 екінші кезек, Нұртас ВС, Текесу е/м, Еңбекші ауданы жаңа құрылыс аумақтары және Қайнарбұлақ е/м. Ал, Сайрам елдімекенінде құрылыс жұмысын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізіліп жатыр.

Бүгінгі таңда Құрсай елдімекенінде екі кезеңнен тұратын жобаның 80 пайыздан астам құрылыс жұмыстары аяқталып, 270 шақырым су құбыры орнатылды. Қайнарбұлақ тұрғын алабына ауыз су құбырын тарту құрылысы 2023 жылға өтпелі.

Осы жылдың қорытындысымен Құрсай, Асар-2, Текесу елдімекендері мен Нұртас су жинақтағыш имаратының құрылыс жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде қала тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 99%-ға жетеді. Жоспарға сәйкес, Шымкент қаласының тұрғындары 2023 жылы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылады.

 

Back to top button