Жаңалықтар

Мереке қарсаңында мемлекеттік қызметшілер ант қабылдады

Бүгін Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің және оның аумақтық басқармаларының жұмысқа қабылданған мемлекеттік қызметшілері салтанатты түрде ант қабылдады. Жас мамандар мемлекетке адал қызмет етуге ант етті.

Алда келе жатқан «30 тамыз – Конституция күні» мерекесіне орай, салтанатты рәсім барысында Департамент басшысы Төлебаев Әбдіманап Қошқарұлы барлық мемлекеттік қызметшілерге «Конституция – адам бостандығы мен құқықтарының қорғаушысы» тақырыбында баяндама оқып, Конституцияның бұрынғы және жаңа нұсқаларының айырмашылықтарын атап өтті.

Департамент басшысы «Ата Заңымыз – мемлекеттің әрбір азаматының құқықтарын қорғап, міндеттерін айқындайтын, ел игілігі үшін дұрыс өмір сүрудің бағыт-бағдары бола білген маңызды құжат. Бұл – мемлекетіміздің барлық заңдарының бірлескен тетігі секілді. Яғни, біздің азаматтардың тәртіпке бағынып, адал өмір сүруі алдымен Ата Заң талаптарын сақтаудан басталады.

Конституцияның бізге берері көп, бұл құжатта адам құқығы ең жоғары дәрежеде қарастырылған. Себебі, біздің мемлекет ең алдымен халықтың құндылықтарына аса назар аударады.

Осы орайда, Конституцияның әрбір азаматқа оңтайлы болуы үшін ағымдағы жылдың 5 маусымында Ата Заңымызға өзгерістер енгізу туралы референдум өткізілді. Бұл да жылдар өте келе заман ағымы мен азаматтардың сұранысына негізделген маңызды өзгеріс жасаудың көрінісі.

Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың бәрі өзара байланысты және бір мақсатты көздейді. Атап айтқанда, суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу, бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу, парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту және азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру мақсатында толықтырулар енгізілді» деді.

Сонымен қатар, ант қабылдаған мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік қызметтің маңыздылығы мен үлкен жауапкершілікті талап ететінін түсіндіріп, тура жолдан таймай, адал қызмет етуге шақырды.

Департаменттің басшы орынбасарлары да өздерінің мерекелік жылы лебіздерін жеткізді.

Салтанатты жиын соңында, Әбдіманап Қошқарұлы азаматтарды алда келе жатқан «30 тамыз – Конституция күнімен» құттықтай отырып, денсаулық және ел бірлігінің тұтас болуын тіледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button