Клоундар сайлауға түссе халық бармайды, дауыс та бермейді
Қоғам белсенділері мен саясаттанушылар Әміржан Қосановтың президент сайлауына қатысуға ниет білдіргеніне қатысты пікірлерімен бөлісті.
Бақытбол Берімбайдың пікірінше, Қосанов сайлауға түскен жағдайдың өзінде, оған дауыс берушілер саны аз болады.
«Мынау жасанды клоун, қуыршақ Әміржан Қосанов сияқты халықты сан соқтырып кеткен адамдар: «сайлауға қайтадан түсемін», – деуі – күлкілі. Бір рет сенімін ақтамаған, халықты сазға отырғызып кеткен ондай Қосанов сияқты екіжүзді адамдарға халық ешқашан сенбейді де, ондай сайлауға халық бармайды да. Сайлау әділ өтуі керек. Әділ бәсеке болсын. Халыққа танымал, елдің сенімін ақтайтын, сатып кетпейтін нағыз демократия заңдылығымен жүретін халықшыл, ұлтшыл азамат сайлауға түсуі керек. Егер әділ сайлау өтпесе, әділетті Жаңа Қазақстан құра алмаймыз. Бекер шашылған ақша»,- деді азаматтық қоғам белсендісі.
Ал саясаттанушы Мақсат Жақаудың сөзінше, Әміржан Қосановтың өзінің кандидатурасын ұсынуға құқығы бар. Алайда, халық оған сене ме, сенбей ме өзіне ғана байланысты:
«Бәлкім, осы уақытқа қажетті, әлеуметтік жағдайды жақсартып, саяси процестерді күшейтетін бағдарламаласы, идеялары бар шығар. Сондықтан мұндай тәжірибелі саясаткер сайлауға түсуге ниет танытып отырса, меніңше, бұл саяси өміріміздің жағымды көрінісі. 2019 жылы қолдау позициясын бүгінгі Президентке берді. Себебін, шешімінің қаншалықты оңайға түскенін де білмейміз. Бұдан халық та, өзі де сабақ алған болар. Қазақта «қайта шапқан жау жаман», – дейді. Егер сайлауға қайтадан түсемін деп жатса, мүмкін кейбір қателіктерін қайтадан жөндеуге тырысатын шығар. Алайда, бұл саясат болғандықтан, меніңше, халықтың саяси сауаттылығы анағұрлым жоғары болу керек. Себебі кандидаттың қадамына, әрекетіне, сөйлеген сөзіне ғана сенуге болмайды».
Еске салайық, кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірлескен отырысында биыл президент сайлауын уақытынан бұрын өткізетінін мәлімдеген болатын. Президенттің осы ұсынысынан кейін саясаткер Әміржан Қосанов саяси науқанға қатысуға дайын екенін өзінің Facebook парақшасында хабарлады.