«Терезеден қарамаңдар»: Рим папасы Нұр-Сұлтанға келмек

Елорданың орталық көшелерінің бірінде орналасқан тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерді полицей қызметкерлері аралап, Рим папасының келуіне байланысты терезелерін жауып, суретке түсірмеуге шақыруда.
Бұл туралы редакциямыздың Watsapp-нөміріне келген хабарламадан білдік.

Вasnews.kz тілішісі ресми түсініктіме үшін Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментіне хабарласты. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, ақпарат шындыққа жанаспайды, алайда:
«Полиция қызметкерлері тұрғындардың үйлерін аралайтыны рас. Себебі елордада «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы жүргізілуде. Соған байланысты жалпы мүліктеріне сақ болу туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізеді», – делінген хабарламада.
Еске салайық, Рим Папасы Франциск 2022 жылғы 13-15 қыркүйек аралығында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келетінін жария етті. Сапардың бірінші күнінің бағдарламасында оның Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, сондай-ақ елімізде тіркелген шетелдік дипломатиялық корпус және азаматтық қоғам өкілдерімен кездесулері қарастырылған. Екінші күнінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің ашылуына және пленарлық отырысына, сондай-ақ кейбір басқа дін лидерлерімен бірқатар кездесулерге қатысады деп күтілуде.



