BasNewsПікір

Қостанай неге көмектен бас тартады?!

Әлеуметтік желілерде Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккен ауылда гуманитарлық көмектің таратылып жатқан видеосы жарияланған.

Кадрларда еріктілер азық-түлік сөмкелерін тікелей көпшілікке лақтыруда. Видеоны әлеуметтік желідегі парақшасында ерікті Арай Ордабаева жариялады.

Оның айтуынша, қостанайлық шенеуніктер түркістандық әріптестерімен тәжірибе алмасулары керек еді.

«2019 жылы 75 мың тұрғыны бар Арыс қаласында оқ-дәрілердің жарылуынан 7 мыңнан астам үй зардап шеккен болатын. Сөйтіп, 500 үйдің жаңадан салынғаны бәрімізге белгілі. Сол кезде әкімдік қызметкерлері үй-үйді аралап кімнің туғанын, кімнің қайтыс болғанын, кім жарақат алды деп тексеру жүргізді. Содан кейін ғана гуманитарлық көмекті жеткізіп, таратып бере бастады. Олар қоймадан ешнәрсе берген жоқ. Мен сол кезде түсінбеген едім. Сөйтіп бір күні бір әйел күйеуінің жарылыстан қайтыс болғанын айтып, жылап, тамақ сұрады. Біз оның мәселесін анықтап жатқанымызда ол қойманың алдында митинг ұйымдастырып жатты. Кейін белгілі болғандай ол келіншектің басқа ауылдан келгені және барлық туыстары тірі болып шықты. Ол кезде Арыс қаласында да ыстық тамақ ұйымдастырылған. Сол кезде шенеуніктер 75 мың адамды азық-түлікпен, киім-кешекпен қамти алса, 107 үй ғана зардап шеккен Қостанай облысында мұны неге істей алмай отыр? Мұнда да еліміздің түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмек келіп жатыр емес пе! Мені қынжылтатыны облыс басшылығының әріптестерінен кеңес сұрай алмайтынында болып отыр. Бізде тәжірибе бар емес пе?!», – деді

Журналист Асхат Садырбай еріктілердің сөзімен келісіп отыр:

«Олай адамдардың барлығын жинап алып, топырлатып, қалай болсын солай азық-түлікті лақтыруға болмайды. Алдымен волонтерлар тізімді жасақтап алуы керек. Содан тізіммен тексеріп кезек кезегімен, рет ретімен азық-түлікті, киім-кешектің барлығын бөліп үйлестіріп берулері қажет. Арыс оқиғасы кезінде  әрине біз еріктілермен жүрдік. Ол жақта да әртүрлі жағдайлар болды. Әрине көпшілік мұндай қиын жағдай болған кезде кезек күтпей болмаса тезірек затты алып кету сияқты әртүрлі оқиғалар болады. Бірақ соған кішкене сабырлық танытып, халықты сабырлыққа төзімділікке шақырып сауатты түрде олармен жақсы сөйлесіп және рет-ретімен бөліп беру керек. Барлығын олай бір жерге апарып үйіп лақтыруға болмайды».

Татьяна Миронюк адамдарға дүрбелеңді тоқтатып, гуманитарлық көмек жинау үшін артық пункттер құру керек емес деп санайды. Оның айтуынша, егер ол бар болса, барлық күш-жігерді сол жерге бағыттаған дұрыс.

«Ең алдымен, көмектің дұрыс бөлінуі үшін бірыңғай тізімдер қажет. Ол үшін күштерді біріктіру маңызды. Мысалы, егер мемлекеттік құрылымдар көмек жинау пункттерін ұйымдастырған болса, онда еріктілер де сол жерде жұмыс істеуі керек. Екіншіден, тізімдер электронды түрде болуы тиіс. Үшіншіден, көмек адамдар қажет ететіндіктен де көп болған. Қазіргі уақытта барлық отбасылар гуманитарлық көмекпен қамтамасыз етілген, егер оларға бір нәрсе қажет болса, олар әкімдікке барады. Сол видеода гуманитарлық көмек қажет емес адамдарға беріліп жатқаны анық».

Сонымен қатар, «Ұлттық еріктілер желісі» ЗТБ директоры азық-түлік таратқандар әкімдік қызметкерлері де, олардың ұйымының еріктілері де емес екенін хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, 2 қыркүйекте Қостанай облысының Әулиекөл ауданында өрт басталды. Оның жалпы ауданы 43 мың гектарды құрады. Екі елді мекендегі 90-нан астам тұрғын үй өртеніп, зақымданды.

Back to top button