Жаңалықтар

Шымкент қаласының тұрғындары арасында жіті ішек инфекциясының алдын алу

Жіті ішек инфекциялары (әрі қарай-ЖІИ) – әртүрлі микроорганизмдер (бактерия, вирустар) тудыратын, асқазан-ішек жолдарының бұзылуымен және организмнің сусыздануына алып келетін жұқпалы аурулар тобы.

Шымкент қаласының тұрғындары арасында 2022 жылдың 8 айында өткен жылмен салыстырғанда аурушаңдық 2,4 есеге өскен, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 3,6 есеге өскен

Адамдар түрлі той-жиындарға барғанда және белгісіз қоғамдық тамақтану орындарынан тамақтанғанда мерекелік дастарханнан кейін дайын тағам мен тез бұзылатын кондитерлік өнімдерді «сарқыт» ретінде үйіне алып кетіп, ертесіне, кейде тіпті 2-3 күн бойы тұтынады.

Мұқият ойланып қарағанда, мерекелік дастарханға қойылатын тағамдар жиын басталардан 1-2 сағат бұрын дастарханға қойылады. Жиын басталғаннан аяқталғанша 3-7 сағат үстел үстінде тағамның беті ашық тұрады. Жалпы алғанда, 4-6 сағат ішінде, әсіресе жылы мезгілде тез бұзылатын өнімдер ұзақ уақытқа шыдамай, құрамы бұзылады. Оған қоса, адамдардың жүріс-тұрысынан көтерілетін шаң-тозаң сол тағамдарға қонып, әртүрлі микробтарды көбейтеді.

Сол себепті, мерекелік дастарханнан алынған сарқыттарды тұтыну әртүрлі ЖІИ және тағамнан улану жағдайларына әкелуі мүмкін.

Сондықтан, тез бұзылатын тағамдарды дайындаған күні ғана асқа пайдаланған дұрыс. Қалған тағамдарды 6-12 сағаттан асырмай, тоңазытқышта сақтау керек.

Тағамнан уланудың және ЖІИ алдын алу үшін тағамның сақталуына және қолдану мерзіміне аса мән беріп қарау керек.

ЖІИ жылдың барлық мезгілінде кездеседі: суық мезгілде – вирусты инфекциялар, жылдың жылы мезгілінде – бактериалды инфекциялар түрінде.

ЖІИ – диарея синдромының (іш өту) дамуынан туындайтын ересектер мен балалар арасындағы аурулар тобы.

Жылы климаттың қолайлы әсері микроорганизмдердің көбеюіне әсер етеді, әсіресе жазғы мезгілде жіті ішек аурушаңдығы күрт өседі.

Бұл кезеңде судың, топырақтың, тағамдық өнімдердің ішек инфекциясының қоздырғыштарымен ластану деңгейі жоғарылайды.

Жылы мезгілде ішек инфекциясымен балалар жиі ауырады, себебі балаларда қорғаныс факторларының белсенділігінің және балалардың гигиеналық дағдылануларының төмендігімен байланысты.

Балалардың асқазан-ішек жолдарында иммундық қорғаныс тек 5 жасына қарай қалыптасады.

Іс жүзінде ЖІИ қоздырғыштары сыртқы ортаға өте төзімді келеді. Мысалы: іш сүзегі, паратиф қоздырғыштары сүтте 2 ай және одан да көп уақыт сақталады. Дизентерия микробтары сүтте 7 күнге дейін көбейіп, сақталады, ал өзен суында 35 күнге дейін белсенді болып қалады. Вирустар әртүрлі заттарда 10 күннен 30 күнге дейін өмір сүру қабілетін сақтайды, ал нәжісте жарты жылға дейін сақталады.

Негізгі ауру көзі – ауру адам мен бактерия тасымалдаушылар. Тасымалдаушыларда ауру жасырын түрде өтеді, оны тасымалдаушының өзі де білмеуі мүмкін.

Бактериялар тағаммен, сумен немесе кір қолмен адам ағзасына ауыз арқылы түседі. Дизентерия құдықтың залалсыздандырылмаған суын қолданғанда, қайнатылмаған сүт ішкенде басталуы мүмкін. Ішек таяқшалары организмге сақтау мерзімі өткен сүт өнімдерімен түсуі мүмкін.

Сальмонеллезді тауық етін немесе жұмыртқасын, таза жуылмаған жеміс-жидектерден, көкөністерден жұқтыру қаупі бар.

Аурудың инкубациялық кезеңі – орташа 6 сағаттан 2 күнге дейін созылады.

Науқастарда жедел дене қызуының көтерілуімен, сұйық дәрет, ішінің ауруымен басталады. Асқазан аймағының ауырсынуы, жүрегі айнып, бірнеше рет құсу, іш өтуі жиілеп (нәжісі су тәріздес болады), әлсіз болады. Организмнің сусыздануы балалар үшін өте қауіпті.

Науқастарға ауруды басатын дәрі-дәрмектерді қолдануға, диареяға қарсы қолданылатын дәрілік заттарды өздігінен қолдануға, әсіресе антибиотиктерді, дәрігерлер тағайындамаған жағдайда қабылдауға болмайды. Яғни, ішек инфекциясында токсиндер ішекте жинақталатындықтан мұндай заттарды қолдану токсиндердің көптеп жиналуына алып келуі мүмкін. Бұл қабыну процесін одан әрі күшейтеді.

Жіті ішек инфекцияларының алдын алу іс-шаралары:

  • жеке бас гигиенасын сақтау, қолды жиі сабынмен жуу;
  • той-жиындарда дастарханнан «сарқыт» алмаған жөн;
  • жеміс-жидектер мен көкөністерді ағынды су астында тазалап жуғаннан кейін пайдалану;
  • өнімдердің жақсылап қуырылып, қайнатылуына көңіл бөлу;
  • жұмыртқаны шикі немесе шала қайнатылған күйінде қолданбау;
  • дайын тамақты пайдалану кезінде оның иісіне, дәміне мұқият мән беріп, тез бұзылатын тағам өнімдерін тоңазытқышта сақтау;
  • арнайы көрсетілген жерлерде ғана шомылу;
  • суды тұтынар алдында міндетті түрде қайнату немесе бөтелкедегі суды ішу;
  • балаларды әрбір тамақтандырар және тамағын дайындар алдында қолды тазалап, сабындап жуу, оның әрбір затын, ойыншықтарын, бөтелкесі мен емізіктерін таза жағдайда ұстау;

Кей жағдайларда ауру өте ауыр түрде өтіп, өмірге қауіп тудыруы мүмкін. Сондықтан, өткір ішек жұқпаларының жоғарыда көрсетілген белгілерінің бірі байқалса, тез арада дәрігерлік көмекке жүгіну керек!

Басқа жаңалықтар

Back to top button