Атырауда үйге түскен ұры өзін қылмыс үстінде ұстап алған әйелді өлтіріп кеткен
Атырауда ұры өзін қылмыс жасау кезінде ұстап алған 59 жастағы әйелді өлтірген, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Адам өлімі 19 қазан күні таңертең Өркен шағын ауданындағы саяжайлардың бірінде болған.
Басылымның хабарлауынша, отбасы мүшелерінің барлығы жұмысқа шығып кеткен. Ал әжесі немересін мектепке апарып тастаған.
Қайтып келгенде, ол үйде белгісіз ер адам жүргенін, үйді тонап жатқанын көреді. Ұры егде әйелдің үстіне секіріп, оны буындырып өлтірген.
Мәйітті отбасы мүшелері түскі уақытта тауып, полиция шақырған. Үйден зергерлік бұйымдар мен басқа да бағалы заттар жоғалған.
Бұл деректі Атырау облыстық ДП баспасөз қызметі растады. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалып, қылмыскер іздестірілуде.



