Жаңалықтар

Жүгі ауыр, жауапкершілігі зор саланы еңсеріп жүрген 22 жастағы полицей

«Біздің полиция» жобасының кезекті кейіпкері – Алтынай Өтел. Ол Тергеу басқармасының тергеушісі, полиция аға лейтенанты. Погонды ару құқық қорғау саласын таңдағанына еш өкінген емес. Бала күнінен форма киген әкесін көріп өскен қыздың ес білгелі мақсаты – тәртіп сақшысы атану еді. Бүгінде сол мұратына жетіп, ішкі істер саласында еңбек етуде.

«Әкем ұзақ жылдар құқық қорғау органдарында қызмет еткен. Бала күнімнен форма киген әкемді көріп өстім. Оның аралас-құралас болып жүрген достары түгел дерлік тәртіп сақшылары еді. Тіпті, әкемнің теледидардан көретін телехикаялары да полицейлер туралы-тұғын. Сөйтіп, «өскенде кім боласың?» деп сұрағандарға, менің жауабым әрқашанда біреу болды. Басқа салаға барамын деп еш ойлаған емеспін»,- дейді тергеуші қыз.

Осылайша, Алтынай Нұрғалиқызы 2017-2021 жылдары М. Есболатов атындағы Алматы академиясын тәмамдайды. 2021 жылдың маусым айынан бастап, Шымкент қаласы Еңбекші АПБ Тергеу бөліміне тергеуші лауазымына тағайындалған. 2022 жылдың сәуір айынан бері Шымкент ҚПД Тергеу басқармасының жеке тұлғаға қарсы қылмыстық істерді тергеу бөлімінің әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған зорлық-зомбылық (жыныстық) қылмыстарды тергеу тобының тергеушісі болып қызмет атқаруда.

Жүгі ауыр, жауапкершілігі зор саланы еңсеріп жүрген полицейдің жасы – 22-де. Қазіргі кезде өзіне жүктелген міндетті кәсіби шеберлікпен жоғары деңгейде атқаруға бел буып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде.

«Бос уақытымда өз-өзімді дамытумен айналысамын. Спортпен шұғылданамын. Түрлі кітаптар оқимын. Алдағы уақытта осы салада қызмет етуді жоспарлап жүрген ұл-қыздарға кеңесім, кез келген жайтқа сабырлылықпен қарауға дайын болу қажет екендігін айтқым келеді. Сондай-ақ, міндетті түрде маманның бойында білім мен сауаттылық табылуы маңызды. Бастаған істі соңына дейін жеткізе білу қасиеті де – тергеуші үшін басты қағида», – деп Алтынай Өтел өз сөзін қорытындылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button