BasNewsЖаңалықтар

Павлодар облысында тұрғын алаяққа сеніп, 5 миллион теңгеден айырылып қалды

Өзін банк қызметкері ретінде таныстырған ер адам қоңырау шалу арқылы әйелдің атына несие алып, артынан сол ақшаны еш қиындықсыз шешіп алған, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі @Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 58 жастағы ауыл тұрғынына белгісіз номерден қоңырау шалған алаяқтар оның атына 5 миллион теңге несие алғысы келетінін хабарлап, «банк директорымен» байланыстырған. Мәселені шешу үшін алаяқтардың барлық талаптарын орындау керек деп сендірген.

– Үрейленген жәбірленуші оларға сеніп, өзі туралы барлық ақпаратты берген. Ол талаптарға сәйкес банктің мобильді қосымшасын жүктеп, біраз уақыттан кейін оның шотына 4 миллион 751 мың 191 теңге сомасында ақшалай қаражат түседі. Сол сәтте алаяқтар түскен ақшаны бірден шешіп алған, – деді Шарбақты ауданы полиция бөлімінің бастығы Нұрғали Омарбеков.

Қазіргі таңда алаяқтық фактісі бойынша тексеріс жүргізілуде. Полицейлер алаяқтықтың бұл схемасы өте қарапайым екенін атап өтті: қорқыту, содан кейін азаматтардың жеке мәліметтеріне қол жеткізу.

– Осы фактіге қатысты ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Аталған қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізілуде, – деді Нұрғали Омарбеков.

Павлодар облысының полиция қызметкерлері өңір тұрғындарын сақтық танытуға шақырды. Өзін банк қызметкері ретінде таныстырған бейтаныс нөмір телефон шалған жағдайда банктің ресми нөмірлеріне хабарласып, ақпаратты растап алуға кеңес берді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button