BasNewsЖаңалықтар

Тоқаев Маңғыстаудағы малдың қырылуына енді жол бермеу керек екенін айтты

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына сапары кезінде өңірде жыл сайын болатын қуаңшылық мәселесін шешудің жолын айтты, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Облыс халқы қиындыққа тап болғанда бүкіл қазақстандықтардың ел болып көмек қолын созғанын еске алған Тоқаев Маңғыстау облысы жыл сайын мал азығының 75 пайызын басқа облыстардан алатынын атап өткен. Сол себепті президент жем-шөптің бағасын арзандатуды ұсынды.

«Жергілікті жем-шөп қорын көбейту қажет. Өзге өңірлерден мал азығын тасымалдау үшін жеңілдетілген тарифтер енгізу жолын қарастыру керек. Агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін арттыру үшін ғылыми мекемелермен тығыз ынтымақтастық орнату маңызды. Сондай-ақ, қолда бар мүмкіндікті және өңірдің ерекшеліктерін тиімді пайдаланған жөн», – деді мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, бұл аймақта жыл бойы күн ашық болатындықтан жылыжай салу арзанға түседі. Ал оның жылуы мен жарығына электр қуаты аз жұмсалады.

«Суы аз, топырағы құнарсыз жерде ауыл шаруашылығын дамытудың бірден-бір жолы – жаңа технологияларды енгізу. Ауа райы осы аймаққа ұқсайтын Израиль сияқты елдердің озық тәжірибесін мұқият зерттеу қажет», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы атап өткендей, агроөнеркәсіп кешенін ынталандыру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру тәжірибесі енгізілген.

«Бұл құралды пайдалана отырып, облыстың әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқа өңірлердегі шаруа қожалықтарымен қажетті өнімдерді жеткізуге алдын ала келісім-шарттар жасай алады. Қатты құрғақшылық пен азық-түлік тапшылығы салдарынан көптеген ауыл тұрғындары малынан айырылған былтырғы жағдайдың қайталануына жол бермеуіміз керек», – деп баса айтты Тоқаев.

Басқа жаңалықтар

Back to top button