Екібастұзда балалар үйінің тәрбиенушілері мен перзентханадағылар эвакуацияланады
Павлодар облысы Екібастұз қаласында жылу желілерінде болған апат салдарынан әлеуметтік маңызы бар нысандарда ауа температурасы төмендеді, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Осыған байланысты балалар үйінің тәрбиеленушілері мен перзентханадағыларды эвакуциялау туралы шешім қабылданды. Бұл туралы облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.
Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов әлеуметтік нысандарды аралады.
«Қазір апатты жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда оның салдарын жою біраз уақыт алады. Сондықтан сақтық шараларын жасап, балаларды Павлодарға эвакуациялаймыз. Ол үшін жылы автобус бөлінді, екі сағаттан кейін осында болады», – деді ол.
Сонымен қатар өмірлік қиын жағдайда қалған тұрғындарға арналған орталықтағылар да эвакуацияланатын болады.
Облыстың бас дәрігері Айдар Сейтказиновтың айтуынша, перзентханада қазір 28 босанушы бар. Бір әйел босану үшін Павлодарға жөнелтілді. Қалған босанушыларды эвакуациялау үшін де көлік даярланып жатыр.
Екібастұздағы төтенше жағдай демалыс күні министрлікті де аяғынан тік тұрғызды. Қазір жауапты мамандардан жедел штаб құрылып, апатты жою жұмыстары жүріп жатыр.