Бүгінгі кейіпкеріміз қырағы қасиет-қабілеттерді бойына тоғыстырған сала үздігі

Анықтау қызметі полициядағы жауапкершілігі жоғары жұмыс болып табылады. Анықтаушыларға орын алған қылмысқа байланысты барлық материалды жинап, жәбірленушілерден арыз қабылдап, куәгерлерден сұрастырып, ең бастысы күдіктіні айнытпай анықтау міндеті жүктелген.
Бүгінгі кейіпкеріміз қырағы қасиет-қабілеттерді бойына тоғыстырған сала үздігі, Шымкент ҚПД Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының анықтаушысы полиция аға лейтенанты — Саян Жүсіп.
Саян Бекжанұлы 1996 жылы Шымкент қаласында туылған. Жас полицей Қарағанды қаласындағы Б.Бейсенов атындағы Заң академиясын бітірген. Оқумен бірге спортты да қатар алып жүрген ол спорттың қоян-қолтық жекпе-жек түрімен айналысады. 2017 жылы ҚР ҰҚК Академиясы қабырғасында өткен ҚР Әскери жоғарғы оқу орындарының курсанттары арасындағы жекпе-жек сайысында екінші орынды иеленеді. Шаршы алаңда намысты қолдан бермеген Саян 2019 жылы жоғарғы оқу орнын үздік көрсеткішпен тәмамдайды. Құқыққорғау саласында еңбек етуді мақсат еткен ол, қазіргі кезде Әл-Фараби аудандық полиция басқармасында анықтаушы қызметін абыроймен атқарып келеді.
«Өзіме қалайда полиция қызметкері боламын деген мақсат қойдым. Біздің әулетте ешкім құқыққорғау органында жұмыс істемеген. Әулетіміздің ішінен мен ғана осы саланы таңдағанмын. Сондықтан, сүйікті ісіме барынша көңіл бөліп, ізденіп, ешқандай тірлікті ертеңге қалдырмауға тырысамын. Бос уақытымда спортпен айналысқанды ұнатамын. Спорттағы жетістігім қызмет бабында да үлкен көмегін тигізді», — дейді полиция аға лейтенанты.
Анықтаушы ҚР заңдарына сүйене отырып қылмыстарды ашып, қылмыстарды жасаған адамдарды анықтайды. Ұрлық, алаяқтық, жол-көлік оқиғасы бойынша денсаулығына орташа деңгейдегі зиян келген түрлі жайттардағы қылмыстарды ашумен, анықтаумен айналысады. Осы ретте, жоғарыдағы талаптарды ерекше ескерген тәртіп сақшысының өз қызметіне деген жауапкершілігі күн санап артып жатқаны қуантады.
Айта өтетін ақпарат, полиция аға лейтенанты Саян Жүсіп – бокстан спорт шеберлігіне үміткер. Спорттағы тәжірибесін қызметтегі қырағылықпен ұштастыра білген тәртіп сақшысы бүгінде үздіксіз жаттығып, жаңа белестерді бағындыруға бекінген.



