Түркістан: Бәйдібекте 100 орындық мектеп пайдалануға берілді
Тәуелсіздік күніне орай Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Бестоғай ауылында салтанатты түрде 100 орындық Досан мектебі пайдалануға берілді. Мектептің жаңа ғимаратының ашылуына аудан әкімінің орынбасары Берік Тұрлыбеков, аудандық мәслихат хатшысы Асқар Кенехан қатысып, өздерінің құттықтау тілектерін білдіріп, ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісті.
Салтанатты шарада Бестоғай елді мекеніндегі Досан мектебінің ұстаздары мен оқушылары және ауыл тұрғындары екі қабатты білім ошағының өздерінің ауылдарында бой көтеріп, Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ел игілігіне пайдалануға беріліп отырғандарына ризашылықтарын жеткізді. Ауыл қариялары алдағы уақытта осы жаңа ғимаратта ұлағатты ұстаздар, еліміздің мақтанышы болатындай шәкірттер тәрбиелеп өсіре берсін деп ақ баталарын берді.
Екі қабатты мектептегі оқу сыныптары толық жаңа парталармен және тақтамен жабдықталып, компютер, биология, физика сыныптарымен және тігін шеберханаларымен, кітапхана, оқу және спорт залдармен қамтылған.
Жалпы Бәйдібек ауданында ыңғайластырылған жайда орналасқан мектептердің саны жылдан жылға қысқарып, 49 білім беру мекемесінің қазіргі таңда 44-і типтік жайда орналасқан. Әр жыл сайын оқушылардың жаңа мектептерде білім алуына жағдай жасалуда.