Үш өңірде жұмыртқа бағасы заңсыз көтерілгені анықталды
Сауда комитеті Ақмола, Батыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында жұмыртқа бағасы өскенін анықтады, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин танымал және әлеуметтік өнімдерді сатудағы делдалдық схемаларға қатысты жүргізілген тексеру нәтижелерін қарады.
Сауда комитеті шот-фактураларды талдай келе, Ақмола, Батыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында жұмыртқа заңда белгіленген 15 пайыздық үстемеден артық сатылғанын анықтаған.
Атап айтқанда, «Курочка ряба» ЖШС көтерме сатушысы қазан-қарашада екі құс фабрикасынан 25 миллионнан аса бірінші санаттағы жұмыртқа сатып алған, оның 6 миллионы 25-тен 27 пайызға дейін үстеме бағамен сатылған. Өңірлерде анықталған деректер бойынша барлық материал тиісті шаралар қабылдау үшін әкімдіктерге берілген.
«Заңнама шеңберінде жұмыс істеу керек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке белгіленген сауда үстемесінен аспау керек. Әкімдіктердің назарын тағы да сауда үстемесін бұзу тәжірибесінің жолын кесу қажеттігіне аударамын», – деді Серік Жұманғарин.