BasNewsЖаңалықтар

Павлодарда өрт сөндіруші кезекшілігінен тыс уақытта адамдарды құтқарып қалды

Павлодарда өрт сөндіруші кезекшілігінен кейін көпқабатты үйдегі өртті ауыздықтауға көмектесіп, адамдарды құтқарып қалды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Tipavlo.dar Instagram-парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес өрт Марлен Абенов тұратын көпқабатты үйдің жертөлесінен басталған.

«Бүгін оның демалыс күні, бірақ ол өрт сөндіруге және адамдарды құтқаруға белсене қатысты. Түтін басқан кезде көршісіне сыртқа шығуға көмектескен, кейін жертөлеге кіріп бөтелкемен су шашу арқылы жалынның жайылып кетпеуіне жол бермеді. Оның түрінен-ақ мұның қауіпті болғанын білуге болады», – делінген жазбада.

Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше Марлен өрт басталған уақытта дүкенге бара жатқан. Кенет жоғарғы қабаттан әйелдің айқайлаған дауысын естіп, жертөледен түтін шығып жатқанын көрген.

“Марлен подъезге кіріп, бірінші қабаттағы қойманың есігін ашып жатқан көршісін көрген. Ол көршісіне заттарын шығаруға көмектескен, бірақ түтін қоюлана түсіпті. Кейін Марлен көршілеріне ескертуге кеткен. Екі баласы бар әйелге таза ауаға шығуға көмектесіп, әріптестері келгенше отқа бөтелкемен су шашып тұрған”, – делінген 4-өрт сөндіру бөлімінің хабарламасында.

Өрт салдарынан улы газға уланып қалған 9-қабат тұрғындары 22 жастағы қыз бен 3 жасар бала және 2022 жылы туған сәби ауруханаға жеткізілген.

Back to top button