Ақтауда 5 жасар қызға жыныстық зорлық көрсеткен жаттықтырушы 20 жылға сотталды
Ақтауда мамандандырылған аудандық соты кәмелетке толмаған қызға жыныстық зорлық көрсетті деген күдікке ілінген жаттықтырушыны 20 жылға бас бостандығынан айырды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
НеМолчи қорының басшысы Дина Смайылованың сөзінше, жаттықтырушының зорлық көрсеткенін қыздың анасы байқаған.
«Анасы қызын жаттығудан алып кету үшін әдеттегіден ертерек барған. Қыз Александр Баландинде 1 жыл жаттыққан. Ата-аналарды залға кіргізбейтін, тек жаттығудың аяқталғанына бес минут қалған кіреді. Киім ауыстыру бөлмесі де ішінде болған. Анасы залға кірген соң, қызы мен жаттықтырушының залда жоқ екенін көріпті. Қызын іздеп, оның киім ауыстыру бөлмесінен шыққанын көрген. Қызарып, терлеп кеткен, әрі белбеуі басқаша байланғанын байқапты», – делінген жазбада.
Кейін киім ауыстыру бөлмесінен жаттықтырушы Баландин шыққан. Қызының не үшін жылағанын сұрағанда ол «жарысқа барғысы келетінін айтып, сұранды» деп жауап берген.
«Бірақ бұл қисынсыз ақталу еді, себебі қыз әлі кішкентай, ол жарысқа сұранбайды. Анасы мұнда бір шикіліктің барын сезіп, заттарды алып шығып кеткен. Сыртта қызынан киім ауыстыру бөлмесінде не істегендерін сұраған. Сол кезде қызы не болғанын айтып беріпті. Оның әкесі – мүмкіндігі шектеулі жан. Бастапқыда ата-анасы не істерлерін білмеген», – деп қосты Дина Смайылова.
Ата-анасы шу шығармай, бірден полицияға жүгінгендіктен, жаттықтырушы жуынып, денесіндегі іздерін кетіріп үлгермеген. Тергеу тобы оны барлық дәлелдермен ұстаған.
Сот мәліметінше жаттықтырушы қыздың дәрменсіз күйін пайдаланып, бірнеше рет жыныстық зорлық көрсеткен.
«28 желтоқсанда мамандандырылған аудандық сотында Б.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол кәмелетке толмаған қыздың дәрменсіздігін пайдаланып бірнеше рет жыныстық сипаттағы зорлық көрсеткен. Сот үкімімен Қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айырды», – делінген хабарламада.