Астанаға кірер жолда 200-ден аса көлік қарға батып қалған
Астана-Қарағанды республикалық маңызы бар трассасында 200-ге жуық көлік омбы қардан өте алмай, жолда қалып қойды. Тағы 30 көлік Қарағандыдан Балқашқа барар жолда қар құрсауында қалған, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Ақтүтек боран біраз көлік жүргізушілерін әуре-сарсаңға салды. Күн райының қолайсыздығынан жолда қалып қойған көліктерге жол полициясы қызметкерлері көмек көрсетіп жатыр.
«3 қаңтар күні ауа райының күрт өзгеріп, қар жауып, боран соғуына байланысты Қарағанды облысының аумағынан өтетін барлық республикалық маңызы бар тасжолдар мен облыс ішіндегі жолдар жабылды. Осыған орай, патрульдік полиция және патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жұмыс өткерудің күшейтілген режиміне көшіріліп, тасжолдарда жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қызмет атқаруға кірісті», – деп хабарлады Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.
Қарағандыдан Алматыға қарай бағыт алатын тасжол күн райының қолайсыздығынан жабылып, 30-ға жуық көлік жолда қалып қойды. Ал, 200-ге жуық көлік Астанадан Теміртау қаласына жете алмай, қар құрсауында қалған. Қазіргі уақытта патрульдік полиция қызметкерлері жолда қалған көліктерді Теміртау қаласына дейін, ал Теміртауда қалған көліктерді Қарағандыға жеткізумен айналысып жатыр.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында Қарағанды облысының полиция департаменті автокөлік жүргізушілеріне алыс сапарлардан бас тартуға және елді мекеннен тыс жерлерге шықпауға кеңес береді.