Павлодарда құбыр жарылып, бірнеше үй жылусыз қалды
Облыс орталығындағы екінші Павлодар шағын ауданында орналасқан бірнеше көпқабатты және жеке үй жылудан уақытша ажыратылды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Кеше сағат 21.30 шамасында Мүткенов, 49 көшесінің бойындағы диаметрі 100 мм болатын жылу желісінен ақау шықты «Павлодар жылу желілері» ЖШС апаттық бригадасы жарылған жерді түнгі сағат үш кезінде жөндеп, аяқтады. Бұл уақытқа дейін осы желі арқылы жылытылатын баспаналар жылудан ажыратылды. Алайда жөндеу жұмыстарынан соң құбырды іске қосқан кезде оның тағы бір учаскесі жарылып, су аға бастады.
Павлодар қалалық әкімдігінің хабарлауынша, оқиға орнында апаттық бригадалар жұмысын жалғастыруда. Оған 3 арнайы техника жұмылдырылды.
«Павлодарэнерго» АҚ қоғаммен байланыс бөлімі атап өткендей, үйлер қатып қалмас үшін жылу желісі түнде біраз уақытқа қосылды. Тағы бір ақау анықталған соң қайта өшірілді. Үйлердің ішкі жүйелеріндегі су ағызылды. Жоспар бойынша, құбырдың 11 метрін ауыстыру керек.
Соның салдарынан екі көпқабатты тұрғын үй мен жеке сектордағы төрт баспана әлі жылусыз отыр. Мамандар жұмысты бүгін екіге дейін аяқтауға уәде берді.