Қазақстанда балалар үйі балаларды қолдау орталығы болып қайта құрылады
Қазақстанда жетім балаларды қабылдайтын кәсіби отбасылар пайда болады. Балалар үйлері Балаларды қолдау орталығына айналады. Бұл туралы білім министрі Ғани Бейсембаев айтты, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
«Заң жобасы дайын, жақын арада оны енгізуге дайынбыз. Қазанға дейін қабылданады деп жоспарланып отыр. Оның басты айырмашылығы – кәсіпқой отбасылар. Кәсіби патронаттық отбасының артықшылығы – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды балалар үйіне емес, бірден патронаттық отбасына беру мүмкіндігі. Бұған дейін жетімдер алдымен балалар үйінде тіркеліп, содан соң ғана асырап алу мәселесі қаралды. Енді жаңа заң бойынша баланы кәсіби патронаттық отбасыға тікелей беруге болады. Яғни бала отбасының жылуын сезініп өседі»,- деді оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ведомствоның кеңейтілген алқа отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап беріп.
Соған қарамастан, ол Қазақстандағы балалар үйлерін біржола жою туралы ұсынысты қате деп санайды.
«Дегенмен бұл елімізде балалар үйі жабылады деген сөз емес. Дұрысырақ айтқанда, Балаларды қолдау орталығы болып қайта құрылады. Жобаны енді сарапшылармен, ғалымдармен зерттеп, жүзеге асыру керек. Біз бұл бағыттағы жұмысымызды жалғастырамыз», – деді Ғани Бейсембаев.