Арменияда әскери бөлімнен өрт шығып, 15 адам қаза тапты
19 желтоқсанға қараған түні Армениядағы әскери бөлімдердің бірінен өрт шығып, 15 адам қаза тапты, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі Sputnik Армения порталына сілтеме жасап.
Бұл туралы елдің қорғаныс министрлігіне мәлімдеген. Әскери бөлім елдің шығысындағы Гегаркуник ауданындағы Азат елді мекенінде орналасқан. Өрт жергілікті уақыт бойынша 01:30 шамасында басталған.
Жеті сарбаз жараланған, оның үшеуінің жағдайы ауыр. Олар түнгі сағат 02.00-де Гегаркуник облысының гарнизондық госпиталіне жеткізілген.
Армения Бас прокуратурасының мәліметінше, өрт әскери бөлім ғимараттарының бірінде пешке от жағу үшін бензин пайдаланудан шыққан.
Қылмыстық іс материалдары Арменияның Тергеу комитетінің бас әскери тергеу басқармасына жіберілді. Оқиға орнында оқиғаның мән-жайын толық анықтау үшін қажетті іс-шаралар жүргізілуде.
ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Армения премьер-министрі Никол Пашинянға өрт кезінде армян әскерилерінің қайғылы қазасына байланысты көңіл айтты.
«ҰҚШҰ Хатшылығының және жеке өз атымнан 19 қаңтарға қараған түні Гегаркуник облысындағы әскери бөлімде болған өрт салдарынан Армения Республикасы Қарулы Күштерінің 15 әскери қызметкерінің қаза болуына байланысты шын жүректен көңіл айтамын. Әскерилердің қайғылы қазасы туралы хабарды біз қайғымен қабылдадық. Орны толмас қайғы-қасірет құрбандарының отбасыларының, туыстарының қайғысына ортақпыз және осы ауыр жағдайда қолдау білдіреміз. Зардап шеккендер мен жараланғандардың тезірек сауығып кетуін тілейміз», – делінген хабарламада.