Газ баллон жарылып, бүтін бір отбасы зардап шекті
Әке-шешесі мен баласын шұғыл Ырғыз аудандық ауруханасына жеткізген. Қазір екі ер адам аудандық ауруханада ем алып жатыр, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
«Әкесі мен баласына 1 дәрежелі күйік шалу диагнозын қойдық. Жағдайлары – орташа ауыр. Келесі аптада санавиациямен облыс орталығына жеткізу жағын қарастырып жатырмыз. Ал әйел адамның оң жақ сан сүйені сынған, бүгін облыс орталығындағы көпсалалы ауруханаға алып кетті, емін сол жақта қабылдайды», – деді Ырғыз аудандық ауруханасының бас дәрігері Ернар Домақов.
Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқыс жағдай кеше түнгі сағат он бірлерде болған. 112 құтқару қызметіне Ырғыз ауданы, Нұра ауылдық округі, Нұра ауылы, Жүргенов көшесіндегі жеке үйде өрт шығып жатқаны туралы ақпарат келіп түсті. Газ баллон жарылып, артынша өрт тұтанған.
Қызыл жалын 168 ш.м. жерді шарпыған.
Төтенше жағдайлар қызметі тұрмыстық газдың шығуы улануға немесе жарылысқа әкелуі мүмкін. Сондықтан өздеріңіздің, балаларыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өзіңізді және айналаңыздағы адамдардың өміріне өлім қаупін төндірмеу үшін табиғи газ және тұрмыстық газ құралдарын пайдалану ережелерін есте сақтаған жөн екендігін қатаң ескертеді.