Түркістан облысы

Халықаралық байқаушылар қалай жұмыс істейді?

2023 жылғы 20 қаңтарда халықаралық байқау институты ашылғаннан бері Орталық сайлау комиссиясы 1 шет мемлекеттен, 2 халықаралық ұйымнан 25 байқаушыны ресми тіркеуден өткізген болатын.
Ал 9 ақпанда комиссияға Сыртқы істер министрлігінен 2 шет мемлекеттен, 1 халықаралық ұйымнан 37 байқаушыны тіркеуден өткізу ұсынылды. Оның ішінде Қытай Халық Республикасынан 2 және Нидерланды Корольдігінен 3, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының сайлауды байқау жөніндегі миссиясынан 32 байқаушы бар. Оларың барлығы аккредиттелді.
Жалпы, Парламент сайлауын байқауға 332, оның ішінде 32 ұзақмерзімді және 300 қысқа мерзімді халықаралық байқаушы келеді.
8 ақпан күні Астанада өткен брифингте ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Қазақстандағы парламенттік сайлауды қадағалау жөніндегі миссиясының басшысы Оуэн Мерфи сайлау нәтижелері емес, процестің өзі қызықтыратынын айтқан болатын.

«Біздің миссия сайлау алдындағы үгітке сапалы бақылау жүргізеді. Бізді сайлау нәтижелері емес, процестің өзі қызықтырып отыр. Сайлауды бақылау миссиясының рөлі қадағалау, араласу немесе көмек көрсету емес. Біздің жұмысымыз сайлауды бақылау ғана. Бақылау және бағалау миссияның алдағы есептерінде жарияланады. Сайлау күніне екі апта қалғанда біз сайлау процесінің нақты сипаттамасы болатын және сайлау бөлігіндегі мәселелерді көрсететін аралық есепті жариялаймыз», – деген еді Оуэн Мерфи.

Оның атап өтуінше, сайлау процесі аяқталғаннан кейін бірнеше айдан соң түпкілікті есеп жариялана. Құжатта сайлауды өткізу тұрғысынан билік пен басқа да мүдделі органдар қарауы керек ұсыныстар болуы мүмкін.
ЕҚЫҰ миссиясы 19 наурыз күні еліміздің барлық өңірінде сайлау процесін бақылайтын болады. Оның құрамына 11 халықаралық сарапшы және қатысушы мемлекеттерден 11 өкіл кіреді. Байқаушылардың қалған командасы елордада болады. 32 ұзақмерзімді байқаушы келесі аптада – 15 ақпанда елімізге келеді. Ал дәл сайлау өтетін күнге 300 қысқа мерзімді байқаушы шақырылған. Олар еліміздің бүкіл аймағындағы сайлау учаскелерінде бюллетендерді ашу, дауыс беру, дауыстарды санау және қорытынды шығару процесін қадағалайды.
7 ақпан күні ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының Қазақстандағы парламенттік сайлауды байқау жөніндегі миссиясының басшысы Оуэн Мерфиді қабылдаған болатын. Осы кездесуде қазақстандық тарап байқаушылардың толық және тиімді жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдай жасауға дайын екенін мәлімдеген еді.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссиясы да Мәжіліс депутаттары сайлауын байқауға әзір. Оларды Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі өкілдері шақырған болатын. Қазіргі уақытта ұйым сайлауға қатысу үшін ШЫҰ мисиясының құрамын жасақтау жұмысын белсенді жүргізіп жатыр.

Back to top button