Қарағандының орталық көшесінде пайда болған шұңқырға екі бірдей көлік түсіп кетті
Қарағандыда құбыр жарылып, соның салдырынан пайда болған шұңқырға көліктер түсіп кетті, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Жергілікті пабликтердің бірінде жарияланған жазбада ескерту белгісі қойылмағандықтан, көліктер қатты зақымдалғаны айтылады.
«Қарағандының бас көшелерінің бірі Бұқар жырауда көліктер жердің астына түсіп кете жаздады», – деп жазылған жол-көлік оқиғасының видеосы мен фотосы жарияланған парақшада.
Аталған оқиғаға қатысты жол қызметшілері мен «Қарағанды су» ЖШС пікір білдіріп, екі күн бұрын бұл жерде диаметрі 400 мм суық су құбырынан су атқылағанын түсіндірді.
«Қарағанды су» мекемесінің жөндеу бригадасы жолды жауып, суды сорып, апатты жойды. Алайда 17 ақпанға қараған түні тағы да апат болып, су жолды басып, жерді шайып кеткен», – дейді ЖШС өкілдері.
Облыстық полиция департаментінің өкілдері аталған жайт бойынша хаттама толтырылғанын жеткізді.
«Полиция көлік иелерінің мүлкіне зиян келтіру фактісі бойынша материалдар жинап жатыр. Шығын сомасын өндіру үшін жәбірленушілер сотқа талап арызбен, ішкі істер органдарының материалдарын қолдану арқылы жүгінуі қажет. Осы бөлімге жауапты «Қарағанды Су» ЖШС лауазымды тұлғасына қатысты «ҚР заңнамасының жерасты кәріздерін, жол қауіпсіздігіне қауіп төндіретін коммуналдық қызметтерді күтіп-ұстау жөніндегі талаптарын сақтамау» бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», – делінген ПД хабарламасында.