BasNewsЖаңалықтар

Екібастұз тұрғындары қала әкімінен жылуға байланысты төтенше жағдай жариялауды талап етуде

Әлеуметтік желіде Екібастұз тұрғындарының жылу мәселесіне байланысты үндеуі жарияланды. Олар қала басшылығынан төтенше жағдай жариялауды талап етті, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Үндеу Еkibastuz_blog Instagram-парақшасында жарияланды. Тұрғындардың сөзінше, пәтерлерде жылу жоқ. Сондықтан үйде аяқ киім мен қалың күрте киіп отыруға мәжбүр.

«Құрметті қала әкімі! Төтенше жағдай жариялаңыздар! Нені күтіп отырсыздар? Барлығымыз үсіп қалғанды ма? Адамдарды мазақ қылу. Далада -20 градус, ал үйде 10 градус қана. Батарея салқын, ыстық су жоқ. Тұрғындар үшін бір шара қабылдаңыздар. Пәтерлерде мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрады», – делінген үндеуде.

Жазба астында пікір қалдырған қала тұрғындары бұл үндеуді қолдады.

«Үй салқын, далада жүрген секілдісің. Ыстық су мүлдем жоқ. Жылу маусымына қалай дайындалған, кім тексеріп қол қойды», «Үйде жылу 8 градус қана. Қанша уақыт шыдауымыз керек», «Қолдаймын. Қаламызда жылу берілген бірде-бір үй жоқ шығар. Барлығы ашулы, тоңып отыр. Әкім тарапынан бірде-бір үндеу естімедік», «Үйде электр жылытқыш пен еденді жылыту құралын қосамыз. Нәтижесінде қаңтар айы бойынша электр қуаты үшін 32 мың теңге төлейміз. Керемет», – деп жазды тұрғындар.

Бұған дейін премьер министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұздағы жылу мәселесіне қатысты пікір білдірген еді.

«Жағдай өте қиын. Өкінішке қарай өткен жылы жылу желісіндегі апат станция жұмысындағы тепе-теңдікті бұзды. Бұған дейін ақаулар аптасына 1-2 рет орын алса, қазір күн сайын болады. Күнделікті 3 қазандыққа дейін істен шығады және күн сайын қалпына келтіруге тура келеді. Былтыр бұл жұмыстармен 15 адам шұғылданса, қазір бұған «Средазэнергомонтаж Тресінен» және өзге ұйымдардан 130 адам жұмылдырылды. 65 адамнан екі ауысым жұмыс істейді», – деді ол.

Back to top button