Ақтөбеде мектептен өрт шықты
Ақтөбедегі мектептердің бірінде директор орынбасарының кабинетінен өрт шықты, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Желі қолданушылары Ақтөбедегі орта мектеп ғимаратынан шыққан өрттің видеосын жариялады.
Төтенше жағдайлар министрлігі өрт туралы хабар №23 мектеп-лицейінен Астана уақытымен таңғы сағат 9:01-де түскенін атап өтті. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер өрттің директор орынбасарының кабинетінде болғанын анықтады. Өрт сөндірушілер адамдарды эвакуациялау шараларын қабылдап, өртті тез сөндірді.
«Сағат 9:11-де оқшаулауға қол жеткізілді. 9:12-де өрт толығымен сөндірілді. Оқушыларды дер кезінде эвакуациялау шаралары жүргізілді. Мектептен 890 бала мен 60 мектеп қызметкері шығарылды. 53 адам мен 14 техника жұмыс істеді. Зардап шеккендер жоқ», – деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.
Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы сынақ зертханасының тергеушілері өрттің себебін анықтау үшін оқиға орнында жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Мамандардың алдын ала болжамы бойынша, өртке электр ұзартқышының қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін.