Маңғыстау облысында жол апатынан 4 адам қаза тапты
Маңғыстау облысында автотасымалдаушы жеңіл көлікпен соқтығысып, төрт адам қаза тапты, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 25 ақпанда сағат 11:42 шамасында Сай-Өтес-Бейнеу тасжолының 383-шақырымында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Camry жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, соқтығысқан. Салдарынан көлік отқа оранды.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, төрт адам оқиға орнында қаза болған. Тағы бір жәбірленуші Бейнеу аудандық ауруханасына жатқызылды.
«Науқас ми жарақатын алған, сан сүйегі диафизінің жабық сынуы, сол қолдың екі сүйегінің ашық сынуы, өкпе жарақаты. Науқастың жағдайы тұрақты, ауыр. Есін біледі, сұрақтарға дұрыс жауап береді. Жарақаттарға байланысты барлық емдеу шаралары жалғасып жатыр. Жағдайы тұрақталғаннан кейін науқасты облыстық ауруханаға медициналық авиация арқылы жеткізу жоспарланған», – деді Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері.