Қазақстандықтардың жеке басын куәландыратын құжаттарына саусақ ізі енгізілуі мүмкін
Ведомство Қазақстан азаматының паспортын, жеке куәлігін, шетелдіктің республикада тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін, босқын куәлігін және жол жүру құжатын ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жоюдың жаңа қағидаларын дайындады, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Оған сәйкес жеке басты куәландыратын құжаттар келесі деректерді қамтымақ:
- тегін, атын, әкесінің атын (ол болған жағдайда);
- туған күнін, айын, жылын және жерін;
- жынысын;
- қай ұлтқа жататынын – осы Қағидалардың 2-тармағының 4), 5) тармақшаларында көрсетілген жеке басты куәландыратын құжаттарда иесінің қалауы бойынша;
- азаматтығын;
- фотосуретін;
- құжатты берген органның атауын;
- құжаттың берілген күнін, айын, жылын, нөмірін, қолданылу мерзімін;
- құжаттар иесінің қолын;
- жеке сәйкестендіру нөмірін (босқынның куәлігін қоспағанда);
- 16 жасқа толған және одан асқан, сондай-ақ «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заңымен белгіленген жағдайларда 12 жастан бастап 16 жасқа дейінгі құжат иесінің қол саусақтарының іздерін.
«Жеке басты куәландыратын құжаттарды ресімдеу себебіне қарамастан, құжатталатын (он төрт жасқа толған) адамдардың тұрақты тіркелгенін растауды уәкілетті орган ақпараттық жүйелер арқылы алады. Шетелдіктің елде тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін құжаттандырылатын адам тұрақты тіркелген жердегі уәкілетті мемлекеттік орган береді», – делінген құжатта.
Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі ресімделген күннен бастап жеделдетілген тәртіппен Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында – бір жұмыс күніне дейін, облыс орталықтарында – үш жұмыс күніне дейін, облыстардың аудандары мен қалаларында – жеті жұмыс күніне дейін беріледі.
Республика азаматтарының қалауы бойынша жеке басты куәландыратын құжаттар да жеделдетілген тәртіппен ресімделген күнінен бастап үш жұмыс күніне дейін (Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында) және бес жұмыс күніне дейін (облыс орталықтарында) беріледі.
Құжатты жария талқылау «Ашық НҚА» порталында 13 сәуірге дейін жалғасады.