Елімізде індетке шалдыққандар саны күрт артып кетсе қалай болмақ?
Жақсылықтан үміт үзбейміз, дегенмен індеттің ең сорақы салдарына да дайын болуымыз керек. Дамыған елдердің өзінде медицина мамандары жетіспей, төсек-орын тапшылығы туындап жатқанда, біздегі ахуалды болжаудың өзі қорқынышты. Науқастар саны кенеттен көбейіп кетсе, жауапты ведомствоның жоспары қандай? Ал осы коронавируспен күресте таптырмас құрылғы саналатын жасанды дем беру аппараттары бізде жеткілікті ме?
Коронавирус ешкімді аяп жатқан жоқ. Алпауыт елдердің өзі абдырап қалды. Соған қарағанда, Еуропаға карантиннің тигізіп жатқан көмегі шамалы ма дейсің… Науқастар саны артып, медицина мамандарының тапшылығы туындауда. Тіпті марқұмдарды жөн-жоралғысымен жөнелтуге үлгермей жатыр…
«Жаман айтпай, жақсы жоқ». Жағдай бақылаудан шығып кетсе, не боларын болжаудың өзі қорқынышты. Бұлай дейтініміз, бұған дейін де біздің елде медицинаның солқылдақ тұстары аз болмаған. Осы орайда, науқастар саны күрт өсіп кетсе, дәрі-дәрмек, төсек-орыннан тарылып қалмаймыз ба? Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов не дейді?
«Біз қосымша төсек-орын дайындап жатырмыз. 3 500 стационарлық орын бар. Қосалқы, резервтік төсектер де дайын. Тиісінше, карантиндегі науқастарға қосымша провизорлық орындарды ашамыз, дәрігерлер, дәрі-дәрмектер, аппаратуралар даярлаймыз».
Аппарат демекші, коронавируспен күресте өкпені жасанды желдету аппараты таптырмас құрылғы саналады. Вирус жұқтырған науқастың жағдайы нашарлап, тыныс алуы қиындап кетсе, осы ИВЛ арқылы дем алады. Республикадағы медициналық мекемелерде аталмыш аппараттың 2,5 данасы бар. Дәурен Абаевтың сөзінше, қосымша 230-ын алу көзделіп отыр. Қазіргі таңда Швейцариядағы зауыттармен келіссөздер жүріп жатқан көрінеді. Айтпақшы, министр Біртанов, сәуір, мамыр айларында коронавируспен күреске тағы қосымша 10 мың медицина маманы тартылады деп отыр.
«Әрине, медицина қызметкерлеріне де қауіп төніп тұр. Сондықтан біз медицина қызметкерлерінің резервін жасақтап жатырмыз. Қазіргі шараларға 16 мың маман қатысуда. Біз сәуір-мамыр айларында қосымша 10 мың қызметкерді тартуды жоспарлап отырмыз».
Бұған дейін жауапты министрлік «Б» жоспары бойынша әрекет етіп жатқандарын айтқан. Қазір жағдай өзгерді. Қостанай облысынан өзге өңірлердің бәрінен вирус шықты. Ал науқастар саны бойынша елорда көш бастап тұр. Осы орайда Көлгінов «С» жоспарына көшкендігін мәлімдеді. білуімізше, бұл – төтенше жағдайдан кейінгі деңгей.
«Б» жоспары – аумақтық, ал «С» жоспары – бұл республикалық деңгейде. Біз қазір осындай ауқымда жұмыс істеп жатырмыз. Неге біз жұмыс аптасын алып тастадық. Неге біз барлығын сүзгіден өткізіп жатырмыз? Неге біз барлығын карантинге жіберіп жатырмыз? Вирус жұқтырғандар санын азайту үшін. Қазір бізде 175 науқас бар. Сондықтан өте байсалды қарау керек. Бізде әлі күнге дейін қауіп-қатерді түсінбейтін тұрғындар бар».
Иә, қауіптің қыр астында екенін түсінбейтін азаматтар әлі де бар. Әлеуметтік желілерде «Науқастар сұхбат бермейінше, сенбейміз!» деп елді арандатып, шулатып жүр. Осы орайда өзінің вирус жұқтырғанын ашық айтып, жағдайын желіге жариялаған алматылық Алина қоғамның қысымына ұшырады.
«Маған жазған адамдардың бір бөлігі мені өртеп жібермекші болды, таксистке вирус жұқтырғаным үшін түрмеге отырғызуды талап еткендер де бар. Симптомдар пайда болған кезде мен таксистің деректерін бірден тауып, дәрігерлерге бердім. Осы шаралардың бәрін білген адамдар маған түрлі пікірлер жазып, қарсы шығуда».
Инфекционист Динагүл Баешева тап осындай қауіпті елемей жүргендерден сақтану керек дейді. Айтуынша, олар дертті шалғай елдімекендерге алып барса, істің насырға шабары сөзсіз.
«Олар инкубациялық кезеңде болуы мүмкін. Немесе сау тасымалдаушы болуы мүмкін. Сондықтан егер де ауруды ауылға жеткізетін болса, ауылдағы мал ұстайтын адамдарға қиын болады».
Карантиндік шаралар қауіпті 50 пайызға азайтты деп отыр мамандар. Бірақ бұл қауіп сейілді деген сөз емес. Денсаулық сақтау министрі кем дегенде 3 жарым мың отандасымыз коранавирусқа шалдығуы мүмкін деген болжамды айтты. Бірақ бұл жай ғана болжам. Оны жоққа шығару ел азаматтарының жауапкершілігіне байланысты болып тұр.
BasNews.kz Ақпарат порталының Талдау-сараптама бөлімі