Түркістан облысы

Түркістан облысында шыбын-шіркемен күрес жалғасып жатыр

Соңғы күндері Түркістан облысында бірнеше аудан шіркейдің шырмауында қалып, тұрғындарды әбігерге түсірді. Осы орайда, бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде жауапты сала өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті.

Брифингте сөз алған Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Полатбеков өңірде зиянкестерге қарсы дәрілеу, дезинфекциялау жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Басқарма өкілінің мәлімдеуінше, Түркістан облысындағы төрт аудан мен екі қалада шіркеймен күреске бюджеттен 643 млн теңге бөлінді. Оның 40 млн теңгесі зерттеу жұмыстарына жұмсалмақ. Ал, қалған бөлігі аумақты залалсыздандыруға қажетті дәрі-дәрмек алуға, жұмысшылардың еңбек ақысына беруге бағытталған.

– Өңірде көктем-жаз мезгілінде шыбын-шіркей және сол сияқты қос қанатты қансорғыш жәндіктердің көбеюі байқалады. Бұл жағдай елдімекен тұрғындарының күнделікті тұрмыс-тіршіліктеріне зиянын тигізіп, алаңдатып отырғанын білеміз. Осы ретте, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Сырдария өзені бойында орналасқан елдімекен аумақтарында және Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Шардара, Отырар, Сауран аудандарында дезинсекциялық жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Дезинсекциялық барьерлік өңдеу алаңы 6492 га құрайды. Сондай-ақ, судың көлеміне байланысты Сырдария өзені биологиялық әдіспен де өңделуде. Бұл жұмыстарды сапалы орындау мақсатында аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, жұмысшы топ құрылды, – деді Б. Полатбеков.

Зиянкестермен күресуге бірден-бір жауапты мекеме – «Satti Tulik» ЖШС директорының орынбасары Қайрат Ерменұлының сөзінше, шыбын-шіркей, масаға қатысты зерттеу жұмыстары күнделікті жүргізіліп отыр.

– Өңір бойынша 7 нүкте анықталды. Бұл жерде биологиялық препараттар талапқа сай 2 рет қолданылды. Онда біз екі реттен биологиялық жұмыстар жүргіздік. Әр шіркей 100-ден 200-ге дейін ұяшық тастайды. Бірінші реттік жұмыстардың барысында 80-85 пайыз ұяны жойдық. Ал, 10-15 пайыз шіркей ауаға ұшып шығып кетті. Былтырғы жылға қарағанда саны 4-5 есе көп. Егер біз дер кезінде жұмыс жүргізбегенде шіркейлер ошағы Түркістан облысын басып қалар еді. Бұл жұмыстарға 70-тен астам техника, 90-нан астам жұмысшы жұмылдырылып отыр. Жалпы, шіркейлерді түгелдей жою мүмкін емес. Тек санын азайту бағытында жыл сайын жұмыс істейміз. Жұмыстар жалғасады. Бұл жағдай жіті бақылауда, – деді Қайрат Ерменұлы.

Айта кетейік, мердігер «Satti Tulik» ЖШС-і тарапынан ғылыми топ құрылып, шіркейлердің көбею ошақтарын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Топ құрамында, эпизоотология және аса қауыпты инфекциялар лабораториясының меңгерушісі М.Кулемин, Алматы қаласының Зоология институтының аға ғылыми маманы Қ.Кошкимбаев және басқада білікті мамандар бар.

Back to top button