Шымкентте 200-ге жуық азамат генералдың жеке қабылдауына қатысты

Шымкент қаласы Полиция департаментінде полиция генерал майоры Қайрат Дәлбековтің қатысуымен азаматтарды жеке қабылдау өтті. Қабылдау әр аптаның сәрсенбісінде күндізгі сағат 15:00-18:00 аралығында болады.
Кездесуге полиция департаментінің бастығынан бөлек, барлық басшылық құрам қызметкерлері қатысып, әр арыз-шағым бойынша сауалдарға жауап береді.
Мәселен, жыл басынан бері генерал Қайрат Сұлтанбайұлының жеке қабылдауына 195 адам қатысқан. Ал, кеше 20 адаммен жүздесіп, оларды мазалаған мәселелерге назар аударды. Тұрғындардың басым көпшілігі, алаяқтыққа және қылмыстық істерді тергеу мәселесіне қатысты арыз-шағымдары мен пікірлерін жеткізді. Сәйкесінше, департамент бастығы Қ.Дәлбеков аталған саланың жауапты мамандарына қатаң тапсырма беріп, әр істі жеке бақылауында ұстайтынын ескертті.
Бұдан бөлек, жиналғандар арасында полиция қызметкерлеріне деген алғысы бар азаматтар да кездесті. Оның ішінде, зейнеткер қарт кісі полицейлердің құқықтық көмек көрсетіп, жол сілтегені үшін және үлкенге деген зор құрметі мен кішіпейілдігі үшін алғыс білдірді.
«Мен, Айгүл Өсербаева, 2023 жылдың 16-наурызында пәтерімнен телевизорымды ұрлап әкеткені туралы арызданған болатынмын. Осы жайт бойынша Тұран АПБ қызметкерлері полиция капитаны Байымбет Досалы, полиция аға лейтенанты Ердәулет Ералиев және полиция лейтенанты Мұхамеджан Қадыркулов жедел түрде әрекет етіп, менің телевизорымды қайтартып берді. Сол себепті, тәртіп сақшыларына өз алғысымды білдіремін. Жұмыстарына табыс тілеймін!» – деп шынайы ризашылығын жеткізді.
«Мен, Қолғанат Жаппарханов, дүкенімде тұрған ыдыстарымды ұрлап кеткені туралы арызданған болатынмын. Осы жайт бойынша Тұран АПБ тергеушісі полиция лейтенанты Әлинұр Боранбек жедел түрде әрекет етіп, қылмыстық істі ашып, ұрланған заттарымды қайтартып берді. Сол себепті, тәртіп сақшысына өз алғысымды білдіремін. Жұмысына табыс тілеймін!» – деп шынайы ризашылығын жеткізді.
Айта кетейік, егер сіздің де шешілмеген мәселеңіз, тыңдалмаған уәжіңіз болса « 97-66-39 » байланыс нөміріне хабарласып, Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбековтің жеке қабылдауына жазыла аласыздар.



