Шымкент: Тұрмыстық зорлық-зомбылық баланың дамуына теріс әсер етеді

Қазіргі уақытта қоғамда орын алып жатқан түрлі жайттар қоғамды алаңдатпай қоймайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық баланың дамуына және оның өмір бойы басқа адамдармен қарым-қатынасына ықпал етеді. Осы ретте Абай АПБ Жергілікті полиция қызметінің әйелдерді қорғау тобының инспекторлары полиция подполковнигі Айнұр Қарабаева мен полиция майоры Гулмира Бектемисова №128 жалпы орта мектептің оқушыларымен кездесу өткізді.
Басқосу барысында мектеп инспекторы полиция майоры Мадина Алиева оқушыларға «Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу негіздері» атты дәріс оқыды. Онда отбасылық келеңсіз оқиғалар, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас баланың мінез-құлқына тікелей әсер етіп, жасөспірімдерді заңбұзуға итермелейтіндігі туралы айтылды.
Отбасындағы моральдық және этикалық құндылықтардың сақталуы жастардың болашағына зор әсерін тигізетіндігіне тоқталды. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары студенттердің жанұяларындағы қарым-қатынас тұрақтылығы жөнінде әңгіме өрбітіп, олармен сұрақ-жауап алысты.
Жалпы заңда зорлық-зомбылықтың төрт түрі көрсетіледі. Олар: Психологиялық, экономикалық, физикалық және жыныстық зорлық-зомбылық. Осының ішіне ең көп кездесетіні – психологиялық зорлық-зомбылық болып табылады. Психологиялық зорлық-зомбылққа әйел адамдар көп ұшырайды. Өйткені бұл жерде денеге нақты жарақат келіп жатқан жоқ, еш жері ауырып жатқан жоқ, зақымданған жоқ. Олар ішінде сақтап, үндемей жұтып жүре береді. Психологиялықтың арты жаман. Олар артынан өздеріне қол жұмсаулары мүмкін. Осы мәселеге қатысты Ішкі істер органдарының қызметкерлері түрлі профилактикалық шаралар ұйымдастыруда.
Біздің заманауи дамыған қоғамда тұратынымызға қарамастан, отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездеседі. Көбінесе адамдар бұл туралы ашық айтпайды – онысы бекер. Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық жазылған.



