Биыл Түркістан облысында 1,6 мың шақырым жол мен құрылыс және жөндеу жұмыстарымен қамтылады
Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде облыстық жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайы мен жай-күйі талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды саладағы мәселелерге тоқталып, жолдардың сапасын көтеру, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сонымен бірге өңірдегі жолдардан өтетін шетелдік және отандық жүк көліктерінің заң талаптарын сақтауы маңызды екеніне тоқталды. Себебі, Түркістан облысының Арыс қаласы, Шардара, Сайрам, Төлеби, Сауран, Отырар аудандарындағы жергілікті маңызы бар жолдарда ауыр жүк көліктері үздіксіз жүруде. Жергілікті маңызы бар жолдардың жүктеме көрсеткіштері сақталмағандықтан жолдар мерзімінен бұрын зақымданып, жарамсыз жағдайға жетуде. Жиында облыстық және аудандық маңызы бар жолдарына автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату жөнінде де ұсыныс берілді.
– Жол – өте маңызды сала. Өңірдің экономикасының дамуына тікелей әсер етеді. Аудан, қалаларды аралау барысында тұрғындар үшін осы мәселенің өзекті екеніне тағы да көз жеткіздік. Жолдарды салу жұмысын тездету керек. Сапа басты назарда болуы тиіс. Жергілікті жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 95 пайызға жеткізу міндеті жүктелген. Егер жұмысты ширатпаса, ол межені бағындыру қиынға соғады. Екіншіден, келісімшарттағы міндеттерін орындамаған әрі арнайы таразысы жоқ карьер иелеріне заң аясында шешім қабылдаңыздар. Шетелдік жүк көліктері де қатаң қадағалануы тиіс. Себебі белгіленген мөлшерден артық жүкті артып алатын ауыр жүк көліктері жолдардың тез жарамсыз күйге түсуіне ықпал етіп жатыр. Жолға жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдары осы мәселені бақылауға алуы керек, – деген Дархан Сатыбалды осы салаға жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне тапсырма берді.