Түркістан облысы

Түркістан қаласын дамыту мәселесі жан-жақты сарапталды

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласының активімен кездесті. Көшпелі мәжілісте шаһардың өзекті мәселелері ортаға салынып, шешу жолдары талқыланды. Халықпен алғашқы жартыжылдықтағы кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысы сараланды. Өңір басшысы кемшіліктерге жеке-жеке тоқталып, жұмыс барысындағы олқылықтарды ортаға салды. Қала әкіміне тапсырмалар берілді. Қызметіне сәйкес келмейтін басшылар мен мемлекеттік қызметшілерге шара көріледі.

2022 жылы Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 1451 мың адамға жетті. Жыл басынан бері үш айдың ішінде Түркістанды тамашалауға келгендер саны 130,5 мың адамға жетті, яғни былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,4% өсті. Бүгінде Түркістандағы орналастыру орындары – туристер тұру үшін және оларға қызмет көрсету үшін пайдаланылатын қонақ үйлер, мотелдер, кемпингтер және басқа да ғимараттар мен құрылыстар саны 57-ге жетті. Ірі жобалар іске қосылып, туризм саласы жаңа қарқын алды. Бірнеше саябақ пен қонақ үйлер, ойын-сауық орталықтары ашылды.

Биыл Түркістан қаласында жалпы көлемі 400 мың шаршы метрден асатын 6 мыңға жуық пәтер пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде бюджет есебінен 66 үйдің құрылысы жүргізілуде, оның 59 үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал жеке инвестиция есебінен 46 үйдің құрылысы жүргізілуде.

Қазіргі таңда Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 15864 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп тұр. 2022 жылдың қорытындысымен 3155 пәтерді құрайтын 49 үй пайдалануға берілді. Оның ішінде ипотекамен 2683 пәтер, көп балалы отбасыларға 544 пәтер, әлсіз топтағы азаматтарға 244 пәтер тапсырылды.

Қала аумағында мектептердің мәселесін шешу мақсатында 7 мектептің құрылысын 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы жүзеге асыру жоспарланған. Оның үшеуінің құрылысы басталып кетті.

Back to top button